Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыстың мәслихат хатшысы ауданда болды

Облыстың мәслихат хатшысы ауданда болды

Бүгін облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов жұмыс сапарымен Арал қаласында болып, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Әбсұлтанов, «Nur Otan» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов, аудандық мәслихат хатшысы Б.Төрахметов, және «Аралотын» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты М.Жұмашевпен бірге бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, қазіргі жағдайымен танысты.
Алдымен қаланың кіреберісінде жаңадан салынып жатқан №71 мектеп-интернаты ғимаратын аралап көрді. Бүгінде алып құрылыс ғимаратының қабырғалары толықтай тұрғызылып, төбе жабу жұмыстары жүріп жатыр. Ішкі әрлеу жұмыстары да жалғасын табуда. Бас мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС 100 орынға арналған интернаты бар 200 орындық №71 мектептің құрылыс жұмыстарын сәуір айында бастаған болатын. Құрылыстың мерзімі 12 айға белгіленген. Қазіргі таңда нысанның «А» және «В» блоктарының және спорт залының қабырғалары толықтай қаланып, төбесі жабылған. Құрылыс жұмыстарының қарқынына куә болған облыстық мәслихат хатшысы мердігер мекемеге мектеп-интернат құрылысын уақытында әрі сапалы аяқтауға күш салу керектігін айтты.
Бұдан әрі «Аралотын» ЖШС базасында болып, ауданға жеткізіліп жатқан көмір қорының көлемін көрді. Бүгінге дейін аудан тұрғындарының 90 пайызы қатты отынмен қамтылған. Жақын күндері көмір қоймасы тағы да толығады. Негізі мұнда көмір қоры жеткілікті. Облыстық мәслихат хатшысы «Аралотын» ЖШС директорымен осы мәселелер төңірегінде тілдесті.
Облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамовтың сапары бұдан әрі аудандық мәдениет үйіндегі жиынмен жалғасты. Естеріңізде болса, осыдан біршама уақыт бұрын еліміздің бас қаласында «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Н.Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын жұртшылық назарына ұсынған еді. Әсіресе бұл үндеу еліміздің жастар қауымына үлкен жауапкершілік жүктеді. Осы орайда «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын жұртшылық арасында кеңінен түсіндіру мақсатында арнайы ақпараттық түсіндірме тобы құрылған. Осы топтың мүшесі Н.Байқадамов жиында арнайы сөз алып, Елбасы үндеген «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын жан-жақты талдап, жиналғандар назарына жеткізді.
– Өткен 30 жылдық тарихымызға саяси-қоғамдық тұрғыда баға бере келе, одан әрі дамуымыз, жетілуіміз үшін не жасауымыз керек және заман қандай талаптарды қойып отыр? Міне, осы тұрғыда «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы өзінің үндеуін жариялады. Оны негізінен халыққа, оның ішінде еліміздің болашағы – жастар деп жариялады. Алдыңғы аға буын Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде өзіне жүктелген жұмысты, артылған аманатты қолынан келгенше атқарды. Сан ғасырлық арманға ниетіміз жеткенімен, қауқарымыз жетпей жатқан жағдайлар бар. Десе де жетістіктермен бірге кемшіліктермен бүгінгі уақытқа келдік. Басты мақсат – қолға тиген Тәуелсіздіктен айырылып қалмай, оны мәңгілік ету. Осы жолдағы ұстаным жүгі енді жас буынның мойнында. Тәуелсіздік жылдарында жаңа буын қалыптасты. Сол тәуелсіздік алған жылдары өмірге келген бала бүгінде орда бұзар 30 жасқа толды. Тәуелсіз еліміздің ендігі аманаты осы жас буын, сендердің қолдарыңда. Елбасымыз осы мәселені жан-жақты жеткізу барысында «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Ендігі мәселе – осы үндеуден сіз боп, біз боп нәтиже шығару,–  деді Н.Байқадамов.
Расында, Тәуелсіздік атты ұлы көштің керуенін тоқтатпау жолында біз көптеген тәуекелге бардық. Облыстық мәслихат хатшысы осы мәселеге кеңінен тоқталып, «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығында көрсетілген Тәуелсіздік, бірлік пен келісім, жер, отбасы мен салт-дәстүр, ұлттық мәдениет, білім мен еңбек және прагматизм сынды құндылықтар төңірегінде сөз сабақтады.
Жиын соңында Арал ауданы бойынша білім бөлімі басшысының кеңесшісі А.Бөлекбаев жиында көтерілген әрбір тақырыптың құнды екенін айтып, осы мәселеде көңілге қонымды әңгіме өрбітіп, жастардың рухани азық алуына сеп болған ақпараттық тобының мүшелеріне аудан жұртшылығының атынан ризашылығын жеткізді.

«Толқын» ақпарат.
03 желтоқсан 2021 ж. 408 0