Аудан әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады
Қабылдауға Қаратерең ауылдық округінің қоғамдық кеңес төрағасы келіп, елді мекендегі жол, ұялы байланыс, Жыланды каналын тазалау, жастарға арналған саябақ қажеттігі сынды бірнеше мәселе бойынша жүгінді.
Аудан әкімі Қаратерең ауылына қатысты мәселелерді мұқият тыңдап шыққан соң жол мәселесі облыстық басқарма арқылы жүргізіліп жатқанын айтып, биыл жоба сметалық құжаттарына қайта өзгерістер енгізіліп жатқанын жеткізді. Ал ұялы байланыс және каналды тазалау бойынша жауапты мамандарға зерделеу жүргізіп тиісті шараларды жүргізуді тапсырды. Ауылдық округ әкіміне жастарға арналған саябақ салу жолдарын қарастырып, оңтайлы шешімін табуы үшін жұмыс жасау қажеттігін айтты.
Одан кейін жауын-шашын жауған уақытта тұрғын үйінің маңына су жиналатындығын айтып көмек сұрай келген қала тұрғынына да Арал қаласы әкімі тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін болды.
Ал заңгер мамандығы бойынша жұмыс сұрай келген тұрғынның өтішіне орай заңдылығына сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылатындығын айтты.
Жеке қабылдау қорытындысымен аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселе басты назарында болатындығын айтып, салалық орынбасарлары мен тиісті бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі