Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бас мүфти: Әрқайсымыз елдің бірлігі үшін үлес қосуға тырысайық

Бас мүфти: Әрқайсымыз елдің бірлігі үшін үлес қосуға тырысайық

Қазақстанның Бас мүфтиі, ҚМДБ басшысы Наурызбай қажы Тағанұлы сұйытылған газ бағасына байланысты наразылықтардан кейін ел тұрғындарына бейнеүндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Құрметті отандастар! Қадірлі ағайын! Ата-бабамыздың арманы болған Тәуелсіздігімізге осыдан 30 жыл бұрын қол жеткіздік. Қазіргі таңда осы Тәуелсіздікті сақтау – әрбір қазақстандық үшін қастерлі, қасиетті борыш. Алла Тағала Тәуелсіздігімізді баянды етсін. Тыныштығынан айырылған ел – жұлдызы жоқ аспан іспетті дейді. Тыныштық болмаса, кәсіптің, дүниенің еш пайдасы болмайтыны баршаңызға белгілі», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфтидің айтуынша, Алла Тағала қасиетті Құранда «Жер бетінде тыныштық орнағаннан кейін бүлік жасамаңдар» дейді.
«Қазіргі уақытта, қадрілі ағайын, баршамызға бірлік, бауырмалдық қажет. Сондықтан барлығымыз Алладан елдің бірлігін, тыныштығын сұрайық. Осы ел үшін, елдің бірлігі үшін әрқайсысымыз шамамыз келгенше үлес қосуға тырысайық. Жаратушы Алла Тағала біздің елімізге, Отанымызға ауызбіршілік, ынтымақ нәсіп етсін! Алла тіл-көзден сақтасын. Ішімізді даудан, сыртымызды жаудан сақтасын! Жаратушы Жаппар иеміз қазақ халқына ауызбіршілік, ынтымақ беріп, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін», - деді Бас мүфти.

inform.kz
05 қаңтар 2022 ж. 259 0