Қызылорда облысының әкімі сарбаздар мен дәрігерлерге алғыс айтты
11 қаңтарда Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Мемлекет басшысының тапсырмалары мен міндеттемелерін орындау бағытына арналған кеңейтілген жиын өтті, деп хабарлайды Zakon.kz
Отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімі аппаратының басшысы, салалық басқармалар мен департамент басшылары қатысты.
Күн тәртібінде өңірде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып жатқан шаралар мен террористік актінің салдарынан келтірілген шығын көлемін анықтау жөніндегі комиссияның атқарған жұмысының барысы қаралды.
Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ерлан Ахметов аймақтағы криминогендік ахуал жайлы баяндады.
Қазіргі таңда қала мен аудандардың шекараларына 27 қарулы блок-бекет қойылған. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 103 қызметкер мен 34 арнайы техника жұмылдырылды. Террористік акті кезінде медициналық мекемелерге 73 қызметкер қаралған. Бір сарбаз қайтыс болды. Департамент жанынан құрылған жедел-тергеу тобы арқылы террорлық актіге қатысқан 391 тұлға ұсталып, оның 62-сі қамауға алынды.
Жиында өңір басшысы террористік әрекеттер қаупінің әлі сейілмегенін айтып, коменданттық режимнің қатаң сақталуын тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күштік құрылымдардың әскери дайындығын күшейту және жабдықтау шараларына Үкімет резервінен 20,7 млрд теңге бөлінуде. Осы ретте облыстық полиция департаментіне ҚР ІІМ-мен шұғыл түрде жұмыс жасап, әскери дайындықты күшейту мен жабдықтауға қажетті қаржының бөлінуін пысықтауды тапсырамын. Жалпы, біз 2022 жылға бекітілген облыстық бюджетте күштік құрылымдарды материалдық-техникалық жарақтандыруға 2,5 млрд теңге бөлінді. Алдағы облыстық бюджетті бірінші нақтылау кезінде бұл мәселелерге тағы қосымша қаржы қарастыратын боламыз. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова
Күн тәртібіндегі екінші мәселеде облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова баяндады.
Орын алған террорлық акті салдарынан келтірілген шығын көлемін анықтау жөнінде аймақ басшысының төрағалығымен өңірлік комиссия құрылып, шығын көлемі айқындалды. Бүгінде облыстың мемлекеттік маңызы бар нысандарына 5,8 млрд теңге көлемінде шығын келген. Ал кәсіпкерлерге келтірілген залал 395 млн теңге болды. Шығын есебі қаржы министрлігіне жолданып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Қаражатты Үкімет резервінен бөлу жөнінде ұсыныс жолданды.
Жиында өңір басшысы наразылықтың сұйытылған газ бағасының көтерілуінен басталғанын тілге тиек етіп, Үкіметпен бекітілген шекті бағаның бақылауда ұстау маңыздылығына тоқталды.Қазіргі таңда облыста сұйытылған газ бағасы литріне 60-65 теңгеден, АИ-92 маркалы бензин орташа 180,2 теңгеден, дизель отыны 229,9 теңгеден саудалануда.
Отырысты қорытындылаған облыс әкімі жауапты басқармалар мен салалық департамент басшыларына нақты тапсырмаларды жүктеді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметіне барып, құқық қорғау саласының қызметкерлері және сарбаздармен кездесті.Аймақ басшысы полиция қызметкерлері мен сарбаздардың сын сағатта көрсеткен ерліктеріне алғысын жеткізіп, рухын көтеріп, күш-жігер беретін үндеу жасады.
Құрметті құқық қорғау органдарының қызметкерлері және әскери сарбаздар! Сын сағатта теріс ойдағы лаңкестермен күресіп, елді қорғауда алдыңғы сапта тұрып, өмірлеріңізге түсер қауіп-қатерге қарамай, күн-түн демей, азаматтарымыздың өмірін сақтауда жанкештілік танытқан сіздерге алғысымыз ерекше. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың шешімдеріне қолдау білдіріп, күшіміздің бірлікте екенін дәлелдейік! Елдің бірлігін сақтай отырып, мемлекет мүддесіне қызмет етейік! Біздің күшіміз бірлікте!Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова
Сонымен қатар облыс әкімі жергілікті полиция қызметінің жұмысымен танысып, террорлық әрекеттің салдарынан қалыпқа келтіру жұмыстарының барысын саралады.
Мұнан кейін, аймақ басшысы облыс орталығында орналасқан блок-бекеттердің жұмысын тексерді. Облыс аумағында қоғамдық қауіпсіздігін сақтау мақсатында 28 блок-бекет қойылды. Оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша 5 блок-бекет бар. Бүгінде блок-бекеттерге 5 «Арлан» арнайы техникасы, 5 полиция қызметтік автокөлігі, 31 әскери сарбаздар мен 31 полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Кезекшілікте тұрған қызметкерлерге 4 шатыр құрылып, 3 мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде.
Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова блок-бекеттердегі тексеру жұмыстарын қатаң бақылауға алып, қоғам тыныштығын күзету бағытында жанкешті жұмыс істеп жатқан сарбаздарға алғысын білдірді.
Одан кейін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық медициналық орталыққа барып, онда ем алып жатқан террористік шабуылдан жарақат алған сарбаздардың жағдайын білді және медицина саласының қызметкерлерімен пікірлесті.
Аймақ басшысы ауруханада ем алып жатқан 5 полиция және әскери қызметшінің жағдайын сұрады.
Қадірлі сарбаздар, сіздер мемлекетімізді сақтап қалуда табанды еңбек етіп, анттарыңызға берік, Отанға деген адал қызмет атқарудың жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Сындарлы сәтте ұлт мүддесін қорғап, аса батылдықпен, жанкештілікпен тұрғындардың қауіпсіздігін қорғап қалу – ерлік пен азаматтықтың айқын дәлелі. Жауынгерлеріміз соғыс кезінде де, бейбіт заманында да азаматтық парызын аса жауапкершілікпен атқарып жүргеніне тағы да көзіміз жетті. Сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Тезірек сауығып, қызметке оралуларыңызды тілеймін. Осындай ержүрек ұл тәрбиелеген ата-аналарыңызға да рахмет, оларға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін.Облыс әкімі
Сондай-ақ, Гүлшара Әбдіқалықова ақ халаттылардың төтенше жағдайдағы еңбегін жоғары бағалап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, 5 қаңтардан осы кезге дейін облыстық көпбейінді ауруханада 204 тұрғын медициналық көмекке жүгінсе, 48 науқас ем алуда, тоғыз науқас жансақтау бөліміне жатқызылған.