Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖАСТАРДАН ҚҰРАЛҒАН ЖАЛЫНДЫ ЖАСАҚ

ЖАСТАРДАН ҚҰРАЛҒАН ЖАЛЫНДЫ ЖАСАҚ

29 қазан – Комсомолдың құрылған күні. Өрімдей жастардан құралған комсомол ұйымдары Кеңес Одағын құруға, одан кейінгі соғыс жылдары, тың игеру науқанында үлкен еңбекке атсалысты. Бұрынғы комсомолдың бүгінгі жас қазақстандықтарға үлгі болатын тұстары аз емес. Комсомол жастарды Отанды сүюге, достықты қадірлеуге, адал еңбек етуге үйретті. Бүгінгі еңбек ардагерлері осы ұйымға мүше болып, барлық қоғамдық шараларға атсалысып, түрлі салада еселі еңбек еткен жандар. Олар әлі де сол ізбенен қоғамдық жұмыстардың өріс алуына ұйытқы болып, жастарға ақыл-кеңестерін беруде. Сондықтан, бүгінгі ұрпақты да осы рухта тәрбиелеудің маңызы зор. Өткен мен бүгінгі кезеңнің сабақтастығының бір белгісі ретінде Қызылорда облысында түрлі салада жетістікке жеткен жастарға Орта Азия және Қазақстан жастарының жетекшісі Ғани Мұратбаев атындағы сыйлықтың берілуі де көңіл қуантатын игі істердің бірі.
Комсомол қызметінен ірі мемлекет қайраткеріне айналған тұлғалар аз емес. Мәселен, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ел тізгінін қолына алып, бүгінгі күні Қазақстанды әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосуды мақсат етіп отырған Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1969 жылы Теміртау қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, комсомол жұмыстарын атқарған кезіндегі үлгілі жұмыстары бүгінгі жастарға өнеге.
Сондай-ақ, ауданда да аталған ұйым мүшелері белсене жұмыс жасады. Көптеген жастар өздерінің іскерлігін дәлелдеп, еңбек жасағында шынықты. Сол кезеңде 1981 жылдан 1985 жылға дейін тораптық комсомол комитетінде сектор меңгерушісі, №22 қазақ орта мектебінде босатылған комсомол комитетінің хатшысы, 1985-1989 жылдары Арал аудандық комсомол комитетінде үшінші хатшы болып қызмет атқарған Құндыз Дәуітова ұйымның жастарға бергені мол екенін айтады.
– Қай заманда да іс тетігін білікті кадр шешеді деп тегін айтылмаса керек. Кеңес заманы келмеске кетіп, қазір тәуелсіз ел атанғанымызбен ол тарих боп жазылып қалды. Комсомол ұйымы еңбекке ерте шыңдалуымызға көп септігін тигізді. Мен комсомол құрамындағы еңбегімді Сексеуіл кентінде жүргенде бастадым. Сексеуіл тораптық комсомол комитетінің хатшысы Бөгенбай Шаңқұлов болса, мен орынбасары болдым. Ол кезде комсомол жастары жалындап тұратын. Сол кездегі белсенді буынның бірі – Күлмариям Кемалова еңбек ете жүріп, жастар мәселесін де көтерді. Ол «Аралрыбпромның» ыстау цехының бастауыш комсомол ұйымының секретары, сол жылдары мекемедегі комсомол ұйымының комитет мүшесі болды. Бақылау тобының (ОБХСС) белсенді мүшесін облыстық конференцияға делегат етіп жібереді. Қоғамдық жұмыстарда ысылды. Сөйтіп, қағылез де еңбексүйгіш бұл қыздың талабы өрге сүйреді. Одан бөлек, Айтуған Сапаров балықшы болып еңбекке араласты. Қоғамдағы күнгей мәселелерге өз пікірін білдіріп жүретін Жұмагүл Досымованы Москвада өткен съезге өзіміз мінгізіп салғанымыз есімде. Кейін ауданда педагогикалық отряд құрып, ол өзінің нәтижесін көрсетті. Осы тәжірибені бүгінгі күні
жандандырса деп ойлаймын. Міне, ұйымны сол кездегі қызу тірлігі әлі де көз алдымда. Комсомолда шыңдалған мамандар кейін тәуелсіз еліміздің іргесін қалауға да белсене атсалысты, – деп еске алады ол.
Кезінде аудан малшыларының алды болған атақты шопан, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты Жаңабай Бәлкенбаев та ұйымның қоғамдағы рөлі ерекше болғанын айтады.
–Қайсысымыз болсақ та дәуір үнімен санасамыз. Мен мектеп бітіре салысымен мал шаруашылығында еңбек еттім. Өзіме жүктелген шаруаны дөңгелете алып кету үшін маң даланың мінезіне де, шопандық өмірдің ыстық-суығына да бір кісідей төселдім. Ол кездің жастарында мал шаруашылығына деген қызығушылық басым еді. Талай рет республикамыздың жер-жерінде өткен малшылар слетіне облыс атынан қатысып, жастардың іс-тәжірибесі мен жалынды сөздерінен керемет күш алып қайттым. Еліміздің барлық аймақтарынан дос таптым. Ел көрдім, жер көрдім. Қазақстан ЛКЖО Орталық Комитеті бюросының 1991 жылғы 24 маусымдағы қаулысы бойынша ауыл шаруашылығы өндірісі саласындағы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ие болып, лауреаттық белгіні И.Тасмағамбетовтың қолынан алған сәтім – өмір жолымдағы жарқын кезеңдердің бірі. Танымал диктор Рабиға Аманжолованың жарқын дауысы залдан жаңғыра аты-жөнімді атағанда, көз алдыма бар өмірін мал соңында өткізген Қаратай әкем мен Бәлкенбай атам келген еді. Бұл марапатты сол кісілердің маңдай терлерінің, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан кәсіптерінің жемісі деп сезіндім, – дейді.
Еңбекқор жан бүгінде шаруа қожалығының төрағасы. Сонымен қатар, Қарақұм ауылының тұрғындарын қолжетімді бағада барлық керек-жарақпен қамтамасыз етіп отырған кәсіпкер.
Аталған ұйым республиканың барлық аймағында құрылып жатты. Семей облысы, Шұбартау ауданы жастарының жаңа бастамасымен Арал ауданында да қой өсіруші комсомол-жастар бригадасын Қарақұм кеңшарында 1970 – ші жылдардың бірінші ширегінде Қарақұм жастары құрды. Оның құрамында бірсыпыра ауыл жастары жұмыс жасады. Ауыл шаруашылығын дамыту және жастарды еңбекке тарту мақсатында құрылған бұл бастаманы жастар бар ықылас пейілдерімен қолдады. Сол заманғы комсомолға мүше жас шопандар Дүйсенбаев Тыныштықбай, Аяпов Қазбек, Тілеуов Ақтан, Мыңжасаров Аманжол тәрізді алғашқы буынды кейін Төлебаев Боранбай, Бердімағанбетов Қуантқан, Қуанышбаев Бектай, Қойшыбаев Қайыржан, Бәлкенбаев Жаңабай, Жамалов Нағашыбай, Алдабергенов Тоқсанбай т.б көптеген комсомол жастар жалғастырып, мал шаруашылығын өркендетуге өз үлестерін қоса білді.
Сол кездегі Қарақұм кеңшарындағы комосмол ұйымының хатшысы Абай Әбішовтің айтуынша, кейінгі мықты кадрлардың көбі сол ұйымда қызметтің алғашқы баспалдағын аттаған.
– Ауылда өскен, құм шағылды иен даланың қыр-сырына қанық ауыл жастарына қой бағып, мал шаруашылығымен айналысу бөтендей іс емес еді. Десек те, кеше ғана мектеп қабырғасынан шыққан өрімдей жастарға бұл
үлкен сын болатын. Жастардың бұл игі істеріне басқа да мектеп бітірушілер тарапынан қолдау көрсетіліп, бастама жалғасын тауып, еңбек майданы қызып жатты жатты. Олардың жаңа бастамасын аудандық комсомол комитетімен бірге, облыстық партия комитеті де мақұлдап, облыс көлеміне таратып отырды. Расын айту керек мұндай елге ырыс әкелген бастама 1990-шы жылға дейін жалғасын тауып, еңбекке деген жастардың құлшынысын оята білді.
Жастар ауылымыздың мәдени-бұқаралық істеріне де араласып тұратын. Жерімізден шықққан жас комсомол мүшелері, кейін елге белгілі болған Қази Данабаев, Аманғали Дайрабаев тәрізді ағаларымыз да осы мал шаруашылығы саласында өз еңбек жолдарын бастаған. Өткенді жоққа шығаруға болмайды. Саясат адам өміріне өзі араласады десек те ол замандары жастардың бойында шынайы еңбек етіп, мәнді өмір сүру, халқына титімдей болса да пайда тигізу әрбір комсомол мүшесінің саясаттан гөрі басты арманы болатын, – деп еске алады.
Қазір қайта жандандыруға болатын тәжірибелерді сол кездегі комсомол мүшелері жоғарыда атап кетті. Әрине, ол кезең қазір тарих. Алайда, тарихтан дұрыс тәлім алсақ ғана болашақты бағамдай аламыз.
Л.ӘЙТІМОВА.
20 қыркүйек 2018 ж. 1 257 0