Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстан мен Ресей әскери ынтымақтастықты нығайтады

Қазақстан мен Ресей әскери ынтымақтастықты нығайтады

Парламент Сенаты Қазақстан мен Ресей арасындағы әскери ынтымақтастық туралы шартты ратификациялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шарт екі мемлекет арасындағы әскери ынтымақтастықты жандандырады. Әскери ынтымақтастық мына бағыттар бойынша дамиды:

әскерлерді (күштерді) қолдануды бірлесіп жоспарлау;

өңірлік қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы әрекет ету;

жедел және жауынгерлік дайындық;

әскери білім және ғылым;

бітімгершілік қызмет және басқалар.

Шартты үш жылдық кезеңге арналған әскери саладағы стратегиялық әріптестік бағдарламасына сәйкес жүзеге асыру жоспарланған. Құжатта халықаралық әскери ынтымақтастыққа жауап беретін қорғаныс ведомстволары басшыларының орынбасарлары жетекшілік ететін консультациялар формасында тараптардың қорғаныс саясатын үйлестіру бойынша өзара іс-қимыл жасау тетігі көзделген.

Шарт қандай да бір басқа мемлекеттерге қарсы бағытталмаған. Шартты ратификациялау екі мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайту, қазіргі заманғы сын-қатерлерге қарсы тұру бойынша үйлесімді әрекет ету бағытында бірлесіп жұмыс істеуге қосымша серпін береді. Айта кетері, бұл шарт бұған дейінгі келісімдердің заңды жалғасы.

Қазақстан мен РФ арасындағы достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы осы тектес шартқа 1992 жылдың 25 мамырында қол қойылған болатын. Кейін 2013 жылғы 11 қарашада жаңадан шарт қабылданды. Ал бүгін ратификацияланған шартқа 2020 жылы 16 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында қол қойылды.
17 ақпан 2022 ж. 248 0