Жастар жыр додасында бақ сынасты
Теңізден тыныс алам мен.
Ақпейіл анам секілді,
Алдымда жатыр далам кең.
Сырласып жібек самалмен,
Желпінсе жүрек жаңа әнмен.
Теңізше жаным кең шалқып,
Теңізше толқып қалам мен…
…Аспаны қандай Арал кең,
Күрсініп неге алам дем.
…Бір жұлдыз болып жанам мен, – деп жырлап кеткен Зейнолла ақынның биыл 95 жылдығы. Теңіздің төл перзенті бала күннен өмірдің қиындығына тап болса да, өлеңнің қиындығынан да кейін шегініп көрмеді. Көңіл көзі әлемді шарлап, шалқар шабыты поэзия көгін бағындырса да, сол шабытты сыйлаған Аралдың толқынына деген махаббатынан танбады.
Осындай өлеңге, өмірге, туған жеріне деген махаббатының арқасында әлі күнге дейін халықпен бірге жасасып, елдің санасында жыры жаттаулы, өзі сақтаулы келеді. Қазақтың Корчагині атанған қарымды қалам иесін ұмытпаған аралдықтар ақын рухын тағы бір ұлықтады. Арал қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен ақынның 95 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында жас жазба ақындар мүшәйрасын ұйымдастырып, өлең өлкесіне алғашқы қадам басқан талапты жастардың жыр бәйгесіне куә болды.
Екі айналым бойынша сынға түскен 16 жас ақын алғашқы айналымда "Бір жұлдыз болып жанам мен..." тақырыбында Зейнолла Шүкіровке арнаған туындыларын жатқа оқыды. Бірінен бірі даралана білген жастар бірінші айналымда ақынның өмірінен, шығармашылығынан сыр шерте отырып, өздерінің ізденісін көрсете алды. Ал екінші айналымда еркін тақырыпта өлең оқыған жастардың жырды көрерменге жеткізе білу қабілеті тіпті ашыла түсті. Түрлі тақырыпты қамтыған ақындардың шығармашылығы негізінен патриоттық бағытта және ұлтқа, ұрпаққа тәрбие болатындай бағытта өрбіді.
Сахна төрінде өнер көрсеткен оқушылардың туындыларын бағалау кезінде Аралдың атын аймақтық, республикалық көлемдегі мүшәйраларда абыроймен қорғап жүрген ақындар өнерпаз жастарға жүлделер табыстады.
Нәтижесінде жүлделі ІІІ орынмен №62 мектеп-лицейдің оқушысы Әсемай Шыныбекқызы, №13 орта мектептің шәкірттері Әділет Тәңірберген, Аида Абатова мен №83 мектеп оқушысы Аружан Ақсай марапатталды. Ал ІІ орынды №260 орта мектебінің оқушысы Ұзақбай Мұңайтбасов пен №262 мектеп-гимназиядан Назерке Аймағанбетова өзара бөлісті. Ал өз өнерімен өзгелерден даралана білген №83 мектептің оқушысы Сымбат Жақсылықова І орынды иеленсе, бас жүлдені жеңіп алған №220 орта мектебінің шәкірті Арман Құндақбаев жеңімпаз атанды. Ал жас ақындар мүшәйрасын ұйымдастырушылар мен әділ қазылар алқасы басқа жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, арнайы Алғыс хат табыстады.
"Толқын ақпарат"