Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексеуіл кенті әкімінің есебі тыңдалды

Сексеуіл кенті әкімінің есебі тыңдалды

Кеше ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Г. Шиповских Сексеуіл кентінде арнайы жұмыс сапарымен болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, кент әкімінің өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстары туралы қорытынды есебін тыңдады.

Аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов пен аудандық мәслихат хатшысы Б. Төрахметов мәжіліс депутатымен бірге кенттегі «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-ның тапсырысымен теміржолшы мамандарға арналған 38 екі пәтерлік қызметтік тұрғын үйлер мен құрылысы аяқталмаған 40 төсектік ауруханаға барып, аталған нысандардың қазіргі жағдайын көрді.

Мұнан кейін мәдениет үйінде өткен Сексеуіл кенті әкімінің тұрғындар алдындағы өткен жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы қорытынды есепті кездесуіне қатысты. Кент әкімі өткен жылы атқарылған жұмыстармен қатар, ағымдағы жылға жоспарлаған міндеттерге тоқталып, кент көлемінде атқарылуға тиісті жұмыстардың жобаларымен таныстырды.

Әкім баяндамасынан кейін тұрғындар тарапынан түрлі ұсыныс-пікірлер айтылып, өзекті мәселелер қозғалды. Мәселен кентке газ жүргізу, құрылысы тоқтап қалған аурухана мен теміржолшыларға арналып салынған екі пәтерлі қызметтік тұрғын үй құрылысы, полигон салу, арнайы көз дәрігері маманы жоқтығы, кенттен өрт сөндіру бөлімшесін ашу, кентішілік автокөлік жолдарын жөндеу және арнайы бейнебақылау камераларын орнату секілді бірқатар мәселелер қозғалды.

Газ мәселесі бойынша аудан әкімінің орынбасары кентті көгілдір отынмен қамту жұмыстарының жоба сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізіліп тиісті министрліктерге бюджеттік өтінім тапсырылғанын жеткізді. Ал, салынып жатқан аурухана ғимараты құрылыс материалдарының күрт қымбаттауынан уақытша тоқтатылғанын, осыған орай нысанның жоба сметалық құжаттамасына қайта өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қаржы бөлінгеннен кейін анықталған мердігер компания құрылыс жұмыстарын бастайтынын түсіндіріп өтті.

Теміржолшыларға арнап салынып жатқан тұрғын үйлерге қатысты «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ- мекемесі арқылы тиісті жұмыстар жасалып жатқанын жеткізді.
Мұнымен бірге кентішілік автомобиль жолдарын орташа жөндеуге жоба сметалық құжаты әзірленіп, бюджеттік өтінім тапсырылған. Ағымдағы жылы жол жөндеу жұмыстары басталады. Сонымен қатар кент жастары тарапынан кентке перзентхана, жастар алаңы мен спорттық кешен қажеттігі айтылды.

Аталған мәселелерге жауап берген кент әкімі аурухана құрылысы аяқталған соң ғимарат ішінен перзентхана бөлімі ашылып арнайы маман қызмет көрсететінін айтты. Ал, спорт кешені құрылысын жүргізу үшін тиісті орындарға бюджеттік өтінім беріліп, нәтижесі күтіліп жатқанын, мұнымен қоса жастар алаңын салу да алдағы жоспарда бар екенін жеткізді. Кент тұрғындары тарапынан айтылған өзекті мәселенің бірі өрт сөндіру бөлімшесі салу болатын. Алайда халық саны жетпегендіктен кентке өрт сөндіру бөлімшесін салу қолданыстағы нормаларға сәйкес келмеген, осы ретте аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұлов бұл мәселе бойынша басқа да мүмкіндіктер қарастырылатын жеткізді. Есепті кездесуде жергілікті тұрғындардың қойған басқа да сауалдарына кент әкімі мен бөлім басшылары тиісінше жауап берді.





Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 

22 ақпан 2022 ж. 537 0