Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің есебі тыңдалды

Аудан әкімінің есебі тыңдалды

Кеше аудан әкімдігінде аудандық мәслихаттың кезекті сегізінші сессиясы өтті. Сессияға аудан әкімінің орынбасарлары, қала, кент әкімдері мен аудандық мәслихат депутаттары, бөлім басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Сонымен қатар ауылдық округ әкімдері онлайн форматта қатысуға мүмкіндік алды.
Аудандық мәслихаттың кезекті сегізінші сессиясының күн тәртібі бойынша алдымен аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің есебі тыңдалды. Өз баяндамасында аудан басшысы:
– Ауданға жыл басынан бері 3,2 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 116%-ға өскен. Аудан бюджетінің нақтыланған жалпы түсімдері 20,7 млрд теңгені құраса, төртінші деңгейлі бюджеттің енуіне байланысты 24 дербес бюджеті бар қала, кент және ауылдық округтердің бюджеті 1,3 млрд теңгені құрады. Ал өнеркәсіп орындары биыл 7,2 млрд теңгеннің өнімін өндіріп, салыстырмалы көлем индексі 83,3 %-ды көрсетті. Есепті кезеңде аудан бойынша барлығы 318 715 тонна тұз қазылып, 1 383 тонна балық, 137 тонна ет, 512 тонна нан және нан өнімдері өндіріліп, 53,2 мың текше метр кварц топырағы қазылған, – деді.
Мұнан бөлек агроөнеркәсіпті кешенді дамыту, қаржы-салық саясаты, индустрияландыру, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, өзге де салалардағы биылғы атқарылған жұмыстардың есебін берді. Сонымен қатар COVID-19 пандемиясына байланысты аудандағы эпидахуалды және вакциналау шаралары жайында хабарлады. Аудандағы қуаңшылық жағдайын да сөз етіп, бірқатар алдағы міндеттерді атап өтті.
Алдағы міндеттердің қатарында Мемлекет басшысының Жолдауын, мемлекеттік, салалық бағдарламаларды, облыс әкімінің 2021 жылға арналған іс-қимыл жоспарын жүзеге асыру, 2019-2022 жылдарға арналған Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарындағы Арал ауданына қатысты жобаларды іске асыру, құрылысы салынып жатқан барлық нысандардың сапасын қадағалау, газдандыру, ауызсумен қамтамасыз ету, өзге де мәселелер және аудандағы төтенше жағдайды жою мен пандемияның таралуына жол бермеу жұмыстары ұдайы назарда болатынын ескертті.
Сессияның күн тәртібінде мұнан бөлек Қызылорда облысы Арал аудандық мәслихатының 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №439 "2021-2023 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Т.Рашевтің, "Арал ауданы Сексеуіл кентінің жергілікті қоғамдастық жиналысының регламентін бекіту туралы" Арал аудандық мәслихатының 2018 жылғы 23 мамырдағы №154 шешіміне өзгерістер енгізу туралы Сексеуіл кенті әкімі С.Төрешовтің, аудандық мәслихаттың 2021 жылдың екінші жарты жылдығына арналған жұмыс жоспары туралы және "Арал аудандық мәслихат аппараты" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штаттық кестесі және қызметтік автокөлігінің лимитін бекіту туралы" Арал аудандық мәслихатының 2016 жылдың 12 сәуірдегі №15 шешіміне толықтырулар енгізу туралы аудандық мәслихат хатшысы Б.Төрахметовтің хабарламасы тыңдалып, аудандық мәслихат депутаттары оң шешім қабылдады.
Сессия соңында С.Сермағамбетовтің қатысушыларға бірқатар тапсырма беріп, қадағалауды күшейтуді тапсырды.

"Толқын" ақпарат
20 тамыз 2021 ж. 683 0