Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексеуілдіктер ауыз су желісімен қамтылды

Сексеуілдіктер ауыз су желісімен қамтылды

Елбасының 2016 жылғы 5 ақпандағы Жарлығына сәйкес есепті кездесу ауданның тіректі елді мекені – Сексеуіл кентінде өткізілді. Атқарушы биліктің жергілікті тұрғындармен өткізілген басқосуына ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ұлан Сарқұлов, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Әділбек Ерсұлтанов, облыстық денсаулық сақтау басқарамсы басшысының орынбасары Олжас Искаков, облыстық мәслихат депутаты Кадырберген Бедер және аудандық мәслихат хатшысы, аудандық мәслихат депутаттары, мекеме, бөлім басшылары, кент тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
Есеп беру кездесуінде ең алдымен кент әкімі Сәкен Төрешов баяндама жасап, 2019 жылы атқарылған ауқымды жұмыстар жөнінде есеп берді.
Сексеуіл кенті Арал қаласынан кейін көлемі әрі халық саны жағынан екінші орында. Жалпы 6 елді мекенді қамтитын кенттен 18 шақырым жерде «Бозой-Бейнеу-Шымкент» мұнай құбыры, 37 шақырым жерде халықаралық «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автокөлік жолы өтеді. Жергілікті тұрғындардың 70% жуығы ел экономикасының күре тамыры болып табылатын - темір жол саласында қызмет етеді.
Кент бойынша өткен жылы ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, ауыз су мәселесі бойынша Сексеуіл кентінің тұрғын үйлерін орталық су жүйесіне қосу жұмыстары және Сексеуіл кентіне қарасты Жалғызағым (86 бекет) елді мекенінің тұрғын үйлеріне ауыз су құбырын тарту жұмыстары толыққанды аяқталған. Сонымен қатар, кенттегі №231 орта мектепке қосымша 100 орындық оқу корпусының құрылысы және биотермиялық шұңқырлардың құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға беріліп отыр. Бұдан бөлек, кент бюджетінен Ы.Алтынсарин, Қ.Сәтбаев, Толыбай батыр көшелеріне барлығы 58 жарықтандыру бағаналары орналастырылған.
Ең басты жаңалық, өткен жылы Сексеуіл кентінен 40 орындық аурухана құрылысын салу жұмыстары бастау алып, 2020 жылға өтпелі болып отыр. 
Кәсіпкерлік саласы бойынша 2018 жылы кенттегі кәсіпкерлер саны 395 болса, 2019 жылы 425-ке жетіп жығылған. 
Кәсіпкерлік бағытындағы жұмыстар нәтижесінде Сексеуіл кентінде 2019 жылы 3 ірі кәсіпкерлік нысан пайдалануға беріліп, 14 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Нақтырақ айтқанда, кент тұрғыны, кәсіпкер Күлай Ізімбетова «Әнді әуен – караоке» орталығын ашса, Гүлзия Сақтағанова 2018 жылы қайтарымсыз грант ие болып, өткен жылы «Кілем жуатын орталық» ашқан. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Алтын Молжігітова облыс әкімінің қатысыуымен құны 100,0 млн. теңгені құрайтын «Алтын» сауда үйін іске қосса, Дербисова Ғалия өз қаражаты есебінен «Орталық монша» құрылысын жүргізіп, 2020 жылы іске қосуды жоспарлауда.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында кәсіпкерлік негізде кент бойынша «Бастау бизнес» оқыту курсын 18 азамат бітіріп, сертификаттарын алды. Оның ішінде, 505,0 мың теңгеден 5 азамат, 252 мың 500 теңгеден 3 азамат қайтарымсыз грантты ие болып, жобаларын жүзеге асыруда.
Сондай-ақ, Сексеуіл кентінен мал алып кәсібін өрбітуге ниет білдірген 6 азамат несие алып, мал шаруашылығын дамытуға өз үлестерін қосуда.
Осындай іргелі істердің куәсі болып, жылды қорытындылаған сексеуілдіктер одан әрі аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың есебін тыңдады. Аудан басшысы өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы жоспарларды атап өтті.
Өз кезегінде сөз тізгінін алған тұрғындар аудан басшысының есебіне оң бағаларын беріп, салынып жатқан 40 орындық аурухана құрылысын аяқтау, аудандық балалар өнер мектебінің филиалын ашу, Сексеуіл кенті әкімінің атқарған жұмыстары туралы тұрғындар алдында жартыжылдық есебін өткізу, Сексеуіл кентінің электр желілерін кеңейту, жаңғырту және жаңадан ашылған мөлтек ауданға электр желісін жүргізу, Сексеуіл кентінен 300 орындық жаңа мектеп салу және түнгі жарықтандыру жұмыстарын жалғастыру, газдандыру сынды ұсыныстарын жеткізді. Аталған мәселелер басты назарға алынатындығын білдірген аудан әкімі, әр мәселені мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен шешетіндігін жеткізді.
Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.
29 қаңтар 2020 ж. 1 071 0