Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Алғыс айту күнімен құттықтады

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов Алғыс айту күнімен құттықтады

Құрметті жерлестер!
Сіздерді 1 наурыз – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын.
  Көктем мезгіліндегі наурыз айының алғашқы күні адамзаттың бір-біріне деген ыстық ықыласы мен ризашылық сөздерімен бастау алады.
Бұл күн ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейді. Кең пейілді қазақ халқы қашан да  әрбір игі іске ризашылығын білдіріп, алғыс айтып, баға беріп отырған.
Биыл егемен еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесінен өтіп, жаңа кезеңге қадам басты.
Жыл басындағы қаңтар оқиғасы кезінде елдегі орын алған жағдайға сәйкес өзге өңірлер мен қатар Сексеуіл кентінде жолаушылар пойыздары тоқтауға мәжбүр болды. Екі күн бойы аялдаған жолаушыларға кент тұрғындары, еріктілер және кәсіпкер азаматтар барлығы бірауыздан жұмылып, қажеттілігіне сәйкес керекті заттар мен дәрі-дәрмектерді тегін таратып, көмек қолын созып жанашырлық танытты. Төтенше жағдай кезінде елдің тыныштығы үшін тәртіп сақшылары тәулік бойы қызмет жасады.
Бұдан бөлек өткен жылы пандемияның белең алған кезеңінде халықтың саулығы үшін анттарына адалдық танытқан дәрігерлер адам жанының арашасы бола білді.
Сонымен қатар, өңірде қуаңшылықты еңсеру бағытында атқарылған жұмыстарға атсалысып, шаруаларға көмек қолын созған жандар аз болмады.
Осындай қиын сәттерде бірліктің, елдіктің үлгісін көрсетіп, жанашырлық танытып, ел үшін аянбай еңбек еткен барша азаматтарға және кәсіпкерлер мен меценаттарға шынайы алғыс білдіремін.

Ардақты ағайын!
Құндылықтардың қадіріне жете алған елдің ғана келешегі кемел. Сондықтан, айтулы күні бірлігімізді бекемдеп, шынайы ықыласымыз арқылы сыйластығымызды одан әрі нығайтуымыз қажет.
Татулығы тұрақты Арал ауданында ұлттар арасындағы бірліктің бекем екені баршаңызға мәлім. Ауданда 50-ден астам этнос өкілі тату-тәтті өмір кешуде. Олар ауданның тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, қоғамдық іс-шараларға белсенді қатысуда. Сол арқылы әркез өздерінің ризашылықтарын жеткізіп келеді.
«Ырыс алды – ынтымақ» деген халық даналығының астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық – біздің баға жетпес байлығымыз. Сондықтан қазақ даласын мекен еткен барша ұлт өкілдері үшін татулық бәрінен де қымбат.
Сіздерді бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін.
Бейбіт өмірдің берекесі, халқымыздың ынтымақ-бірлігі арта берсін!
Ізгі ниетпен, аудан әкімі Серік Сермағамбетов
01 наурыз 2022 ж. 1 151 0