Гүлшара Әбдіқалықова: Әр үй бақша өнімдерін өсіруді дамытса, сырттан өнім алуға деген қажеттілік азаяды
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қаланың шет аумағында орналасқан елді мекендерді аралап, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады.
Қосшыңырау ауылдық округіндегі Абай ауылына аялдаған аймақ басшысы ардагерлермен кездесіп, мәселелеріне құлақ түрді. Ақсақалдар ауылға газ кіргізу, жастарға жұмыс көзін табу, жер үлесі мәселелерін көтерді.
Аймақ басшысы өңірде газға қосу ісі 67 пайызға жеткенін, бір жылда бірнеше ауылға көгілдір отын кіргізу жұмыстары қарқын алғанын айтып, бұл ауылға да газ тарту жұмыстары қолға алынатынын жеткізді. Сондай-ақ, азық-түлік қорын көбейту үшін ауыл жастарына бақша дақылдарын егу ісіне белсенді түрде тарту қажет деді.
«Жасыратыны жоқ, біршама көкөніс өнімдерін сырттан алуға мәжбүрміз. Егер де басты қажеттіліктерімізді яғни картоп, сәбіз, жуа өнімдерін шағын көлемде болсын өз ауылдарымызда ексек, сыртқы нарыққа деген тәуелділігіміз азаяды. Азық-түлік қорын әр ауыл өздігінен қалыптастыруға үлес қосса, тапшылықты жоямыз. Жастардың да еңбекпен қамтылуына жол ашар едік. Сондықтан іс бастаймын деген азаматтарды қолдаймыз»,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Мұнан соң облыс әкімі Қарауылтөбе мен Қызылжарма елді мекендерінде тұратын ауыл азаматтарымен кездесті.
2500-ға жуық халық тұратын Қарауылтөбе ауылына мәдениет клубының қажеттілігі бар. Ауыл тұрғындарының талап-тілектері ескеріліп, биыл 150 орындық клуб салу ісі жыл аяғына дейін беріледі деп жоспарланып отыр.
Аяқ су алу үшін қажетті ұңғыма қазу мәселесі де өзекті. Бүгіннен бастап Қызылжарма мен Талсуат ауылдық округінде аяқ су үшін ұңғыма қазу ісі басталды. Тұрғындармен тілдескен аймақ басшысы аяқ су, газ тарту, жолдың сапасын жақсарту сынды мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін жеткізді.
kyzylorda-news.kz