Облыс әкімі «Алтын дән» мерекесіне арналған жәрмеңкені аралап, халықпен пікірлесті
Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова «Алтын дән-2021» іс-шарасы аясында барлық аудандардың қатысуымен ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатысып, тұрғындармен тілдесті.
Жәрмеңкеде Сыр дихандары 340 жүк көлігіне тиелген 1000 тоннадан астам өнімдерді тұрғындарға базар бағасынан төмен бағада ұсынды. Атап айтқанда, күріш 220 теңгеден, сиыр еті 1750 теңгеден, бас пияз 80 теңгеден, картоп 170 теңгеден, балық өнімдері 1000 теңгеден саудаланды.
Молшылық тойына барлық аудандардан 190 тоннадан астам ақталған күріш, 140 тоннаға жуық картоп, 40 тонна бас пияз, 320 тоннадай көкөніс, 180 тоннадай бақша өнімі, 40 тонна асқабақ, 20 тоннадай ет өнімі, 40 тонна балық өнімі, 7 тоннадан астам сүт өнімі, 40 тоннадан астам мал азығы жеткізілді.
Аймақ басшысы Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Қазалы аудандарының өнімдері қойылған жәрмеңкені аралап көріп, ұлттық тағамдарды алуға асыққан халықпен бірге табиғи қолдың өнімдерін сатып алды. Жәрмеңкеде балық, құрт, ірімшік, күріш, көкөніс пен жеміс-жидектерге сұраныс жоғары болды.
Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ала жаздай тер төгіп, өнім өндіруде табандылық танытқан шаруалардың еңбегін айрықша атап өтті.
Жәрмеңкеге Қармақшы ауданының шаруалары 25 тоннадан астам күріш, 25 тоннаға жуық бақша өнімі, 16 тонна картоп, 10 тоннадай ет пен балық өнімі, 1 тоннаға жуық сүт өнімі мен 25 тонна мал азығы жеткен. Ал, Жалағаш ауданының шаруалары 50 тонна күріш, 15 тонна картоп, 10 тонна бас пияз, 6 тоннадай ет пен балық өнімі, 25 тоннаға жуық көкөніс, 30 тонна қауын, қарбыз, 1 тоннадан астам сүт өнімін 60 көлікке тиеп, халыққа ұсынды.
Қалаға іргелес жатқан Сырдария ауданынан жеңілдетілген бағамен 66 көлікке тиелген азық-түлік тауарлары келді. Мұнда тұрғындар қарбыз-қауын, жеміс-жидек, күріш, сүт өнімдері мен балық өнімдерін алып, сауданы қыздырды.
Арал ауданының жәрмеңкесі де халыққа ерекше көңіл-күй сыйлады. Әсіресе, халық Аралдың балығы үшін кезек тосты. Теңізді өлкенің шаруалары 40 тоннадай көкөніс өнімі, 17 тонна балық өнімі, 5 тонна ет, 1 тоннаға жуық сүт өнімі, 3 тонна ас тұзы және 60 бас қой мен тоқты жеткізілді.
Молшылық мерекесіне Қазалы ауданының шаруалары да үлес қосты. Жәрмеңкеге 12 тонна күріш, 60 тоннадан астам көкөніс, 3 тонна сүт өнімі, 10 тонна ет пен балық өнімі әкелінді. Сонымен қатар, 30 бас қой мен 30 бас тоқты сатылды.
Астана даңғылының бойында халыққа жәрмеңке жасаған Жаңақорған ауданының шаруалары халыққа өз өнімдерін әкелді. 52 көлікке тиелген азық-түліктің ішінде 40 тоннадан астам күріш, 20 тонна картоп, 120 тоннадан астам көкөніс, 16 тонна асқабақ, 1 тоннадан астам сүт өнімдері және 70 бас тоқтыны саудаға шығарды.
Тасбөгет кентінің Орталық алаңында шиелілік шаруалар табиғи таза өнімдерін ұсынып, жәрмеңке көркін қыздырды. Мұнда тұрғындар үшін Шиелі ауданынан 40 тоннадан астам күріш, 75 тонна бақша өнімі, 60 тонна картоп, 65 тоннадан астам көкөніс өнімі, 1 тоннадай балық пен ет өнімі, 1 тоннаға жуық сүт өнімі мен 15 бас тоқты жеткізілді.
Айта кетейік, жәрмеңке 4 желтоқсанға дейін әр апта сайын өткізіледі.
syrboyi.kz