БЕРГЕНІ МОЛ БЕРЕКЕЛІ КҮЗ

«Алтын дән – 2018» салтанатты іс-шарасы аясында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне ауданнан 360 литр шұбат, 12,3 тонна балық, 2 тонна тірі балық түрлері, 60 бас қой, тоқты, 7,0 тонна ет, 0,5 тонна қаз еті, 10 бас тірі қаз, 3 тонна ас тұзы және 25,0 тонна көкөніс және шөп ұсынылды. Бұл жәрмеңкеде ауданнан апарылған өнімдер күнделікті нарық бағасынан 10-15 пайызға арзан болғандықтан, мұнда келушілердің қарасы да көп болды. Көбі Аралдың балығы мен етін және шұбатын іздейтіні рас қой. Келушілердің сұранысы бойынша жәрмеңкеге жеткізілген өнімдер тұрғындар талабын қанағаттандырды. Облыстық деңгейде ұйымдастырылған «Алтын дән–2018» іс-шарасы аясында аудан ауыл шаруашылығы саласының озаттары бірқатар марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Нұр-Дана» шаруа қожалығының төрағасы Әмірхан Мейірманов «Озат бақша өсіруші» номинациясы бойынша марапатталып, облыс әкімінің Алғыс хатын алды.
Сондай-ақ, зейнеткер Кеңес Қуанов ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Еңбек ардагері» медалін иеленді. Осылайша, жоғары деңгейде ұйымдастырылған Қызылорда қаласындағы Арал ауданының жәрмеңкесіне барлығы 17916 мың теңгені құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізіліп, көпшілікке ұсынылды.
«Толқын» ақпарат.