Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Гүлшара Әбдіқалықова түрлі саладағы әйелдер қауымымен кездесті

Гүлшара Әбдіқалықова түрлі саладағы әйелдер қауымымен кездесті

Жер әлем нұрланатын, жан жүректі жадырататын мерейлі сәт 8 наурыз мерекесі қарсаңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова түрлі салада тер төгіп, қоғам дамуына қызмет еткен шаңырақ шырайы әйелдер қауымымен кездесті.

Ерекше басқосуға ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген 30-ға жуық көпбалалы батыр аналар мен еңбек адамдары шақырылды. Ерге бергісіз қызмет етіп, аналық мейіріммен қоғамға жақсылық тілеп жүрген аналар арасында әскери бөлімнің ефрейторы, кран жүргізуші, аула сыпырушы секілді ерекше мамандық иелері де бар.
Көрікті кездесуде аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова әйел-аналарды көктемнің шуақты меркесімен құттықтап, Сыр өңірінің өркендеуіне аянбай үлес қосып жүрген белсенді әйелдер қауымы, іскер әйел-аналар, қыз-келіншектер үшін бұл мейрамның ерекше мәнге ие екенін жеткізді.
Бүгін аяулы аналарға шынайы алғысымызды білдірсек деген ниетпен жиналып отырмыз. Біздің аналарымыз, аруларымыз тек отбасының ұйытқысы ғана емес, олар – бүкіл қоғамды алға сүйреп, ел ынтымағын нығайтып, несібесін молайтып жүрген қуатты күш.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жарияды. Бала тәрбиесіне қашанда ұлт тәрбиесі деп қараған дана халқымыз болашақ ұрпақты дүниеге әкеліп, бағып-қағып, қияға ұшыратын аналарды ардақтай да, аялай да білген. Барлық уақытта халқымыз өзіне ең қымбат ұғымдарды – Отан мен Жер, Тілді – Ана атымен байланыстырған. Өйткені, тіршіліктің нәрі де, мәні де – Ана.
Сіздер әрқашан ибалық мен ізеттің, парасат пен пайымның, мейірімділік пен ізгіліктің бастауы болып келесіздер. Бүгінгі күні билік пен мемлекеттік қызметте, республикалық деңгейдегі басқарушы органдарда әйелдер үлесінің артуы – Сіздердің қарымды қабілеттеріңіз бен іскерліктеріңіздің дәлелі.
Төл мерекеміз тағы да құтты болсын!, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Кездесуде батыр ана, еңбек және тыл ардагері Күлтай Рыспамбетова, төл өнерімізді жаңғыртып жүрген жырау Зәуре Кәрібаева, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтың анасы Жұмакүл Оңғарбаева ақжарма тілегін жеткізді. Құрмет төрінен көрінген әскери қызметшінің анасы Алмагүл Құрманбаева да ел тыныштығы үшін қиындықпен бетпе-бет келген азаматтардың анасына шынайы алғысын білдіріп, «Қасіретті қаңтар» оқиғасы кезінде ұлынан айырылған аналардың жан-дүниесін жақсы түсінетінін тілге тиек етті.
Жиында «Ел намысы» арнайы мониторингтік тобының жетекшісі Наталья Мишукова, каратэ-додан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, екі дүркін Әлем чемпионы Мөлдір Жаңбырбай құрметке ие болды.
Шара арнайы концерттік бағдарламамен жалғасып, жергілікті өнерпаздар аналарға құрметін әсерлі әнмен жеткізді.






kyzylorda-news.kz
05 наурыз 2022 ж. 451 0