Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 2025 жылға дейін 2 млн-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады

2025 жылға дейін 2 млн-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов ведомствоның халықтың табысын арттыру жөніндегі жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 3 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізеді: жаңа жұмыс орындарын құру, яғни, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстары дағдыларын жетілдіру және жастарды кәсіптік бағдарлау», деді Серік Шапкенов Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, бұл бағытта еңбек министрлігінің қатысуымен 33 іс-шара қарастырылған, 16 іс-шараны министрлік тікелей жүзеге асырады.

«Аталған шаралар ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс алатын халықтың үлесін азайтуды, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді, 2025 жылға дейін шамамен 2 млн жаңа жұмыс орнын құруды көздейді», деді министр.

Ол сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жұмыс шеңберінде ЕХӘҚМ фрилансерлер қызметін цифрлық форматқа көшіру мақсатында «платформалық жұмыс» электрондық сервисін әзірлейтінін хабарлады.

Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметін түрлі платформаларда оңай тіркеуге, қажетті мамандарды тез табуға, еңбек құқықтарын қорғауға және тапсырыс берушілермен қарым-қатынасты ресми ресімдеуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, 3 және 4 санаттар бойынша (мамандар мен білікті жұмысшылар) шетелдік жұмыс күшін тартуға квота 4,7 мың адамға қысқартылды.

«Жаңа жұмыс орындарын құру өңірлік жұмыспен қамту карталарын өзектендіру және ақпараттық жүйені тұрақты жаңарту арқылы бақыланады», деп толықтырды Серік Шапкенов.
10 наурыз 2022 ж. 509 0