Наурызбай Байқадамов: Жолдауда саяси реформалардың бағыттары айқындалды

Елді демократияландыруды жетілдіру мақсатында Президент өкілдігін ырықтандыруға бет бұрыс жасалатын болады. Президентіміз биліктің монополиялануының кері әсерін зерделеп берді. Өзінің “АMANAT”партиясының төрағасы лауазымында болмайтынын, ал әкімдердің, орынбасарларының жергілікті филиалдарды басқаруы шектелетінін айтты. Халықтық басқарудың нақты көрінісі ретінде өкілді биліктің ықпалдылығын кеңейту өзекті де, маңызды қадам. Сайлау процесіндегі өзгерістер арқылы бұқара халықтың сайлауға деген сенімдерінің артатынын сезіндік. Өкілді биліктің кейбір деңгейіне сайлаудың пропорционалдықпен қатар мажоритарлық нысаны да қолданатыны сайлау процесін жетілдіру деп түсінеміз. Өйткені, әр азаматтың сайлау және сайлану құқығының сақталуы өзекті мәселе. Мәслихаттардың жергілікті мемлекеттік басқарудың емес, өзін-өзі басқару жүйесінің нақты тетігі болуы қолдау тапты. Облыс басшысын тағайындауға келісім алуға мәслихаттарға бірнеше кандидатура ұсынылатыны айтылды. Бұны жанама сайлау деп те қабылдауға болады.
Жолдаудан өзім, мемлекеттің қолында биліктің мүмкіндігі қаншалықты болуы керек? Немесе азаматтарға қандай дәрежеде еркіндік берілуі керек? Деген сұрақтарға біршама тұщымды жауап алдым.
Адамдардың уақыт талабына бейімделуі – өткеннен, бүгіннен сабақ алып, болашаққа бағдар жасай алуы мемлекеттегі саясатты қалыптастырады. Бұдан қоғамдағы саяси мәдениетіміздің деңгейі анықталады. Жаңа өзгерістерді өз өміріне қатысты тиімді пайдалана білу әркімнің қабілетіне байланысты. Жатып алып, «алма піс, аузыма түс» дегеннен ештеңе өнбесі анық. Біздің білетінімізден білмейтініміз әлдеқайда көп. Сөйте тұра жаңа бастамаларға қолдаушылармен бірге сын айтушылар да жеткілікті болады. Сын айта білу мәдениеті деген бар. Адам пейілі кең болған сайын шындыққа жақындай түседі. Адамды істеген ісіне қарап қана қоймай, ізгілікке ұмтылған ниетіне қарап та бағалау керек. Ал, Жолдаудан Президентіміздің игі мемлекеттік саясатты қалыптастыруға бекем бел буғанын білдік. Сондықтан да, халық тарапынан көтеріліп жүрген ауқымды жасампаз істерге бет алдық. Енді оған халықтық қолдау қажет. Бұл біздің мемлекетшілдігімізге сын. Барлық қоғам мүшелерінің, оның ішінде депутаттардың елдігіміздің алдындағы жауапкершілігі арттырылып отыр. Алдағы уақытта жаңаруға бастаған құжат туралы кеңейтіле зерделеген сараптамалық материал жариялайтын боламыз.
Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы