Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда Ұлыстың Ұлы күні тойланды

Аралда Ұлыстың Ұлы күні тойланды

Жыл басы саналатын Ұлыстың Ұлы күні қазақ елі үшін қашанда қасиетті де киелі саналған. Аудан жұртшылығы Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтті.

Орталық алаңда қазақы нақыштағы сегіз ағаш үй мен арнайы орнатылған шатырларда қазан асылып, жайылған дастарханда халыққа наурыз көже ұсынылды.

Мерекелік шара «Жауқазын жер, Жаңа күн – Ұлы Наурыз» атты театрландырылған қойылыммен бастау алды. Көріністерде қазақы ауыл бейнесі сипатталып, салт-дәстүрлер дәріптеліп, ауданның абыз ақсақалы Ш. Дәрмағамбетов тәй-тәй басқан сәбидің тұсауын кесіп, қадамына сәттілік тіледі. Мұнан әрі мерекелік шара Қыдыр атаның бата беру көріністерімен жалғасты.

Аталған шарада сөз алған аудан әкімі С. Сермағамбетов: -«Баршаңызды күллі түркі халықтарының ұлық мерекесі саналатын Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Ел аузында күн мен түннің теңеліп, «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп аталатын бұл күннің біздің жұртымыз үшін маңызы ерекше. Халқымыз әрдайым жаңа жылдан жақсылық күтіп, келер күннен үмітін үзбеген. Елімізді шуағына бөлеген Ұлыстың Ұлы күні әр шаңыраққа мерейлі шаттық, мол ырыс - несібе мен мызғымас ауызбірлік сыйласын. Әз - Наурыздағы барша тілектеріңіз қабыл болғай. Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын. Жыл мерейлі белестерге толы болсын!- аудан халқына ізгі тілегін арнады.

Наурыз тойына келген тұрғындар этноауыл жобасымен және «Наурыз тарту» атты жергілікті жердегі қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесін тамашалады.
Сонымен қатар, қазақ күресі, асық ату, арқан тарту, қол күресі және гір тасын көтеру сынды ұлттық спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған жарыста өзара сынға түсті.

Мереке күні ұлттық тағамдар конкурсы өткізіліп, қатысушылар ұн, ет, күріш және балық өнімдерінен түрлі тағамдар әзірледі. Сайысқа қатысқан 30 ас әзірлеуші халқымыздың ұмыт болып бара жатқан тағамдарын дайындады. Әсіресе, жергілікті балық өнімдерінен әзірленген тағамдар жұртшылықтың көңілінен шықты.

Ұлттық спорт түрлерінен өткен жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы кубоктар мен медальдар табысталса, ұлттық тағамдар сайында жүлделі орын иеленгендерге алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етілді.

Ұлыстың ұлы күнін тойлауға жиналған аудан халқы наурыз көжеден дәм татып, үлкендер ел мен жердің амандығын тілеп, баталарын берді.




"Толқын" ақпарат

22 наурыз 2022 ж. 660 0