Гүлшара Әбдіқалықова Сырдария ауданы тұрғындарымен кездесті
Аймақ басшысы ең алдымен Ақжарма ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Ақсақалдар ауылға қатынайтын жедел-жәрдем көлігінің тозығы жеткендігін және мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мән беру сынды мәселелерді көтерді. Облыс әкімі әрбір ауылдың әлеуметтік мәселесі кезең-кезеңімен шешімін табатынын және әрбір ұсыныстың ескерілетінін жеткізді.
Мұнан соң өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова Тереңөзек кентіндегі «Мансұр» жеке спорт клубы мен «Бақнұр-Бөбек-3» бөбекжай-балабақшасының жұмысымен танысты. Мұнда спортпен шұғылданып жатқан жастармен тілдесті.
Спорт клубы 2020 жылы пайдалануға берілді. Жаттығушылар шахмат, дзюдо, қазақ күресі, таеквондо спорт түрлерімен айналысады. 8 тұрғын жұмыспен қамтылған. Ал, «Бақнұр-Бөбек-3» балабақшасының жұмысы 2015 жылы басталған. 150 орындық мектепке дейінгі ұйымда кітапхана, әдіскерлер мен оқыту бөлмесі бар.
Облыс әкімі білім саласына инвестиция құюға мүдделі жеке кәсіпкерлердің қатары артып жатқанын тілге тиек етіп, балалардың лайықты білім алуына қажетті шараларды жалғастыру қажеттігін жеткізді.
Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Сырдариядағы Қалжан Ахун ауылдық округінде медициналық пункттің жұмысымен танысып, ауыл халқының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Елдің азаматтары медициналық пунктке күрделі жөндеу жұмысы қажет екенін айтып, аяқ су мәселесін шешіп беруді сұрады. Облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалар арқылы медициналық бекетке арналған ғимаратты қайта жөндеу жұмыстарына тиісті қаржы бөлу мәселесі қаралғанын айтып, аяқ су мәселесіне қатысты сала басшыларына бірқатар тапсырма берді.
Одан әрі аймақ басшысы 1600-ден астам тұрғыны бар Сәкен Сейфуллин ауылының азаматтарымен пікірлесіп, толғандырып жүрген сауалдарын тыңдады.
Кездесу барысында мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізу, көгілдір отынға қосылу, жол салу, тұрғын үй құрылысы, бизнеске «Қызылорда» өңірлік инвестиция орталығы арқылы аз пайызбен несие алу мәселелері айтылды.
Өңір басшысы «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы арқылы аймақта бірнеше ауылдың инфрақұрылым мәселесі жақсарғанын назарға салып, бизнес жасауға ынталы азаматтарды қолдау қажеттігін атап өтті.
Облыс әкімі ауданға сапары барысында Асқар Тоқмағамбетов ауылдық округіндегі тұрғындармен кездесіп, бірқатар әлеуметтік мәселелерді талқылады. Оның ішінде елді-мекенді газға қосу, жол салу, амбулаторияны жөндеуге қатысты сұрақтар бар. Сонымен қатар, азаматтар жер үлесі мәселесін көтерді.
Аймақ басшысы жер дауы мәселесі заң аясында екі тараптың бірлескен шешімі негізінде түйіні тарқатылатынын еске салды.
Айта кетейік, осы кезге дейін облыс әкімі 120-ға жуық елді мекенді аралап, түйінді мәселелерді саралай келе түпкілікті шешім қабылдауға ықпал етуде.
kyzylorda-news.kz