Енді студенттерге сынақ кітапшасы қажет болмайды
Білім және ғылым министрлігі жоғары оқу орындарынан талап етілетін бірқатар құжаттың қысқарғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ведомствоның жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, бұдан былай жоғары оқу орындарында есептілікті қысқарту аясында 11 құжат талап етілмейді. Соның ішінде студенттің сынақ кітапшасы және үлгерімінің қағаз журналдары бар.
Сонымен бірге профессор-оқытушылар құрамының жұмысын жеңілдету мақсатында бірнеше есеп беру құжаты алынып тасталды. Министрлік күші жойылған есептіліктің жеке қағаз түрлерін жасамауға, жоспарлау мен құжат айналымының цифрлық жүйесіне толық көшуге шақырды.
«Алайда департаментке кейбір жоғары оқу орындарында әлі күнге дейін профессор-оқытушылар құрамынан артық есептілік құжаттары талап етілетіні туралы ақпарат келіп түсіп жатыр. Мысалы, студенттер үлгерімінің қағаз журналы, профессор-оқытушылар құрамының атқарған жұмыстары туралы апта, ай сайынғы есептер және тағысын тағы. Құрметті әріптестер, егер сіз осындай проблемаларға тап болсаңыз департаментке хабарлауыңызды сұраймыз», деп жазды Әділет Тойбаев әлеуметтік желідегі парақшасына.