Сенбілік – тазалық таразысы
Бүгін республикалық «Birge - Тaza Qazaqstan» акциясы аясында аралдықтар көркейту-көгалдандыру және тазалық жұмыстарын қарқынды түрде жүргізді.
Аудан орталығындағы барлық мекемелер мен мектеп, балабақшалардың аулаларына, ескерткіштер маңы мен демалыс алаңдарына, орталық көшелер бойындағы қоршаулар ішіне жергілікті климатқа бейімделген қара тал, сыр талы, туя ағашы мен терек талдарының 2150 көшеті отырғызылды.
Аудан әкімі С. Сермағамбетов қаладағы бірнеше жердегі ағаш көшеттерін отырғызу шарасына қатысты. Жас көшеттердің бой алып кетуі үшін жауаптыларға үнемі бақылауда ұстап, күтіп-баптау жұмыстарын тыңғылықты жүргізуді тапсырды.
Одан соң қала көшелерін аралап, әр аумақта жүргізіліп жатқан сенбілік жұмыстарын бақылап шықты. Алдағы уақытта да туған өлкеміздің келбетінің көрікті болуы үшін әр сенбі сайын тазалық жұмыстары жүргізілетінін, тұрғындардың бұл жұмыстарға жауапкершілікпен қарап, барлығы бірдей атсалысуының маңызды екендігін айтып өтті. Сонымен қатар жауапты мамандарға тұрғындарға тұрмыстық қалдықтарды тиісті мекеме арқылы арнайы орынға төктіру бағытында жүйелі түрде түсіндірме жұмыстарын үйлестіруді жүктеді. Осы тұста тәртіпке көнбей, салғырттық танытып, тазалық мәдениетін сақтамағандарға заңнамаға сәйкес шара қолдану жөнінде тапсырма берді.
Аудан көлемінде жүргізілген қызу тазалық жұмыстарына тұрғындар мен барлық мекеме қызметкерлері біркісідей атсалысып, қалаға кіре беріс аймақтар мен көшелердегі қоқыс- қалдықтарын шығарып, ортақ үйіміздің көркеюіне өз үлестерін қосты.
Сенбілік барысында автожол жиегіндегі құмдар тазаланып, бордюрлер әктеліп, ғимараттардың сырт келбеттері әрленіп, мұнан басқа да абаттандыру жұмыстары атқарылды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі