Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесіне арнаған құттықтауы

Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтің 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күні мерекесіне арнаған құттықтауы

Қадірлі жерлестер!
Ардақты ағайын!
Баршаңызды татулық пен тұтастықтың мерекесі –  1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. «Бірлік – береке, ынтымақ – ырыс» деп білген халқымыз қай заманнан да татулықты ту етіп келеді. Осы тұтастық, берекелі тірлік біздің ел болып еңсе тіктеуіміздің ең негізгі шарты деп білемін. Сондықтан біз үшін бұл күннің маңызы ерекше.
Халқымыз ерте кезден-ақ ел бірлігін ерекше назарда ұстаған. Дала заңында әлсізге қамқорлық, араздасқанға ағайындық, жәбірленушіге әділдік көрсету бұлжымас өмір салтына айналды. Сол бабалар салған жолдан жаңылмаған біз бүгінде бір шаңырақ астында тату-тәтті тірлік кешіп келеміз. Өткен ғасырда тағдыр талайымен тар жол тайғақ кешіп, қазақ даласын паналап келген өзге ұлт өкілдерін өзекке теппей, өз бауырымыздай құшақ ашып, қол ұшын создық. Осы тұтастық бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ең басты құндылығына айналды. Сондықтан татулықты сақтау бізге жүктелген бабалар аманаты десек, артық емес.
ХХ ғасырда мыңдаған халық еліміздің өзге аймақтары секілді Арал топырағына тағдырдың айдауымен табан тіреді. Алайда олар өзге жерде өздерін өгей сезінген жоқ. Жергілікті жұрт жатсынбай, жақын тартып, бауырына басты. Қазіргі таңда Арал ауданында орыс, корей, татар, өзбек, украин, башқұрт, молдаван, қырғыз, қарақалпақ сынды ұлттар бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай күн кешуде. Олар болашағын Тәуелсіз елімізбен байланыстырып, біртұтас Қазақстанның бір бөлшегіміз деп сезінеді. 
Құрметті жерлестер!
Тәуелсіздік – егемен еліміздің ең басты байлығы. Ал сол тәуелсіздікті ұстап тұру үшін ең алдымен татулық қажет.  Сондықтан «Ұлы Бірлік идеясын» ұрпақ санасына сіңіре білуіміз тиіс. Әрбір халықтың  тілін, ділін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақтай отырып мәдени іс-шараларды жүзеге асыру ұлттық мерекелер мен танымдық байқауларды ұйымдастыру арқылы өскелең ұрпаққа өнеге қалдыра аламыз. Бүгінгі жас буынға ынтымақтаса іс атқаруды үйретуіміз керек деп есептеймін.
Ардақты ағайын!
Бір қауыздың дәніндей бір шаңырақ астында көктеген еліміздің іргесі әрқашан берік болсын. Айтулы мерекемен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, әр шаңыраққа құт-береке, бақыт тілеймін. Тәуелсіз Отанымызда әрқашан бейбітшілік пен келісім, достық пен сенім орнасын. Елдігіміз еңселі, мемлекеттігіміз мәңгі, келешегіміз кемел болсын! 

Ізгі ниетпен,  Арал ауданының әкімі Серік СЕРМАҒАМБЕТОВ
01 мамыр 2022 ж. 1 957 0