Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоршаған ортаға қамқорлық – перзенттік борыш

Қоршаған ортаға қамқорлық – перзенттік борыш

Көктем мезгілі тұмса табиғаттың түрленіп, айналаның құлпыра түсетін мезеті. Әйтсе де соны күтіп ұстап, тазалығын сақтап отыру - сіз бен біздің ортақ мақсатымыз.
Осы орайда әр апта сайын «Бірге таза - Қазақстан» акциясына аралдықтар бір кісідей атсалысып келеді. Кезекті акцияға мекеме-кәсіпорын ұжымдары мен еріктілер қатысып, әрбір ұжым бөлінген аумақтарда, көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізді.
Бүгін аудан басшысы С. Сермағамбетов атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысып, Арал қаласы бойынша бөлінген 8 сектор жетекшілерінің жұмыстарын қадағалап, нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кету қажет, біз қаламызды қанша жерден таза ұстауға тырысқанмен кейбір аймақтар күн өтпей қайта ластанып жатады. Әрине біз бұл тұста бұның барлығының жергілікті тұрғындардың қолымен істеліп отырғандығын ашық айтуға тиіспіз. Бұдан бөлек, тазалық акциясына тұрғындардың өз еріктерімен араласуы көңіл көншітпейді. Демек, бұл жағдай өзі тұратын аулаға, қала берді аймаққа немқұрайлық танытатын жандардың салғырттығынан десек қателеспейміз. Бұл енді өзінің және өзгенің еңбегін бағаламау деген сөз. Сананың төмендігі кей жағдайларда көп дүниелерге кері әсерін тигізіп жатады. Сондықтан еңбекті бағалайтын әрбір жанды қаламыздың тазалығына немқұрайлы қарамауға шақырамыз!
Айта кетейік, ауданымызда тазалық, көгалдандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Яғни, акция барысы мамыр айының соңына дейін жүргізіледі.
Қосымша, қала тұрғындарының қаперіне жеткізер тағы бір мәселе бар. Осыдан екі жыл бұрын тұрмыстық қалдықтарды тастайтын арнайы полигон ашылды. Мұны көп жұрт білмеген сыңай танытады. Әсіресе, қаланың шет аймақтарын қоныстанған қала жұрты полигонды өз үйлерінің тұсы деп есептейтін секілді.
Өзінің ауласынан шыққан қоқыстарды төгіп, санитариялық норманың бұзылуына жол берген тұлғаларға қатысты айыппұл салынудың кемістігі жоқ. Сонда да мәдениеттілікті сақтаудың сорақы көріністерін қалыптастыруға біздің жерлестеріміз қомақты үлес қосып отыр.
Бүгінгі күннен бастап, айыппұл салуды еселеп арттыратынымызды жариялы түрде хабарлаймыз.
"Толқын" ақпарат

01 мамыр 2022 ж. 427 0