Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Серік Сермағамбетов аралдықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Аудан әкімі Серік Сермағамбетов аралдықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады

Ардақты ағайын!
Қадірменді жерлестер!

Айбынды Алаш баласының әлімсақтан қасиетті борышы – торқалы туған топырағына көзінің қарашығындай қорған болуы десек қателеспейміз!
"Ер ел үшін туып, елі үшін өледі" деген бабаларымыз жар астындағы жауына, бел астындағы бөріге қасиетті жерінің тоқымдай пұшпағын да бермегені баршамызға аян.
Бұл күн – қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасын тапқан күн.
Кешегі жаһан соғысында Отан үшін жан берген қаһармандардың биік тұлғаларын ардақ тұтып, есімдерін естен шығармау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Өйткені майдангер батырларға деген құрмет – ата-баба рухына құрмет, тарихқа тағзым.
Бүгінгі Алтай мен Атырау арасындағы жазиралы далаға ие болуымыз да осындай асыл текті ерлердің, баһадүрлер мен даңқты билердің ерен еңбегі десек қателеспейміз.
Құрметті ағайын!
Бүгінгі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінің мәні зор, мағынасы терең.
Ұлт пен жұртты, ел мен жерді, тіл мен ділді, салт-дәстүрімізді аман сақтау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, әрбіріміздің перзенттік борышымыз.
Әскер – елдің айбыны. Қандай да бір елдің әлем алдындағы мықтылығы оның әскері және заманауи техникаларының сапасымен өлшенетіні рас. Осы ретте биыл Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізі қаланғанына 30 жыл толып отыр. Ордалы отыз жылда қазақ сарбаздары өркениетті елдермен терезесі тең дәрежеде дамып, түрлі халықаралық, әлемдік деңгейде тәжірибе алмасулардан өтті. 1992 жылдың 7 мамырында негізі қаланған бұл күн – күнтізбеміздегі ең бір елеулі, айрықша мерекеміз іспетті.
Жаужүрек батырлардың бүгінгі лайықты ізбасарлары саналатын ұландар ел шекарасын қырандай күзетіп, Отан алдындағы борышын сызат түсірмей өтеуде.
Олардың ел сеніміне селкеу түсірмей, қандай  қиын, оқыс жағдай болса да жолбарыстай қайраттанып, арыстандай айбат көрсететіндеріне сеніміміз кәміл.
Мерейлі мереке қарсаңында отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!
Ел іргесі берік, түні тыныш, болашағы жарқын болсын!
Әрдайым елімізде бейбітшілік салтанат құрып, Қазақстанымыз өсіп- өркендей берсін!
Ізгі ниетпен,
Арал ауданының әкімі  Серік Сермағамбетов
07 мамыр 2022 ж. 370 0