Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Болат Өтемұратов қоры Сыр елінде жаңа әуежай құрылысын бастайды

Болат Өтемұратов қоры Сыр елінде жаңа әуежай құрылысын бастайды

Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Болат Өтемұратов қорының өкілдерімен кездесті.

Жиында Қор өкілдері Қорқыт ата әуежайындағы жаңа жолаушылар терминалының жобасын ұсынды. «Верный Капитал» тобы жүзеге асырып жатқан жобаның құны шамамен 25 миллион АҚШ долларын құрайды. Құрылыс аяқталғаннан кейін нысан қаланың коммуналдық меншігіне тегін беріледі.

«Верный Капитал» компаниялар тобының бас директоры Ерлан Оспановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарын 2023 жылдың ақпанында бастау жоспарлануда, ал жаңа терминал 2024 жылдың қыркүйегінде алғашқы жолаушыларды қабылдай алады.Верный Капиталдың әлеуметтік маңызы бар нысандар мен қоғамдық орындарды жобалау мен салуда үлкен тәжірибесі бар. Жаңа әуежай терминалы үздік халықаралық тәжірибеге сай болады және бүкіл өңірдің дамуына серпін береді, – деді Е.Оспанов.

Шыныдан жасалған витражды қасбеттері бар екі қабатты терминалдың жалпы ауданы 7 500 шаршы метрді құрайды. Халықаралық және ішкі ұшу аймақтары сәйкесінше 130 және 160 қонақты қабылдай алады. Терминалда телескопиялық өтпе жол, эскалаторлар мен лифттер, жүктерді тапсыру мен өңдеудің автоматтандырылған жүйесі, транзиттік жолаушыларға арналған зал, CIP залы қарастырылған. Жаңа ғимаратта өзін-өзі тіркеу пункттері, намазханалар, Duty Free аймағы, сондай-ақ шекара және кеден қызметтері, фитосанитарлық және ветеринария, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметкерлері мен желілік полиция бөлімшелері үшін мамандандырылған орындар ашылады. Құрылыста халықаралық брендтердің жабдықтары, технологиялары және жобалық материалдары пайдаланылады.

Облыс әкімі «Болат Өтемұратов қорының» Сыр өңіріндегі бірқатар әлеуметтік жобалар мен маңызды бастамаларға қолдау білдіріп, халықтың әл-ауқатын арттыруына қосқан еңбегін атап өтіп, алғысын жеткізді.

«Әуежай – аймақтың негізгі қақпасы, беткеұстар нысандарымыздың бірі. Қаламызға ұшып келген қонақтардың көзқарасы әуежайдың сырт келбетіне, жайлылығы мен қызмет көрсету сапасына қарап қалыптасады. Жаңа, заманауи әуежайдың терминалын салу – өте өзекті әрі халық күткен шешім. Барша облыс тұрғындары атынан Болат Өтемұратов Қорына Қызылорда облысының әуе көлігі кешенін дамытуға қосқан айрықша үлесі үшін алғысымды білдіремін» – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Жаңартылған жолаушылар әуежайының жобасы Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ICAO) өзекті стандарттарына сәйкес келеді. Оның авторы – Нидерланд, Ресей, Түркия және Парсы шығанағы елдеріндегі әуежайларды жобалауда 20 жылдық тәжірибесі бар «GMW Mimarlic» түрік жобалық компаниясы.
kyzylorda-news.kz
16 мамыр 2022 ж. 513 0