Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Б. Өтемұратов қорының өкілдері ауданымызда жұмыс сапарымен болды

Б. Өтемұратов қорының өкілдері ауданымызда жұмыс сапарымен болды

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында Болат Өтемұратов қорының серіктесі саналатын "Верный капитал" компаниясының бас директоры Ерлан Оспанов, орынбасары Ольга Абдирахманова және Б.Өтемұратов қорының директоры Марат Аймағамбетовтың қатысуымен арнайы басқосу өткізілді.
Аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен өткен отырысқа аудандық "Аралым Айдын Шалқарым" қоғамдық қорының мүшелері, тиісті сала басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында сөз алған аудан басшысы өңіріміздегі қуаңшылыққа байланысты жерлесіміз Өтемұратов Болат Жәмитұлы тарапынан зор қолдау жасалып, қор тарапынан қомақты қаржы бөлінгендігін, аталған қаржы аудандық "Аралым Айдын Шалқарым" қоғамдық қорының есебіне аударылып, мақсатты шараларға жұмсалып жатқандығын жеткізді.

Осы ретте сөз тізгінін аудан әкімінің орынбасары Еркін Әбішев жалғап, ауданымызда орын алған төтенше жағдай бағытында атқарылып жұмыстардың жай-жапсарын хабарлап өтті. Соның ішінде, Б.Өтемұратов қоры тарапынан бөлінген қаржының игерілу барысын кеңінен баяндап, жоспарлы жұмыстардың барысына тоқталды.

Нақтылап өтсек, ауданда орын алған қуаңшылық жағдайы салдарынан бүгінге дейін 572 мал басының өлімі тіркеліп, тиісті сала мамандарымен актіленіп, жойылды. Қазіргі таңда, мал шығынына байланысты ахуал тұрақты.

Аудандағы барлығы 205822 бас төрт түлік малды алдағы қыстан алып шығу үшін 184640 тонна шөп қажет екендігі есептеліп нақтыланды. Осы қажеттілікке сәйкес бүгінгі таңда ауданымызға 7407 тонна шөп және 240 тонна жем жеткізілсе, оның 198,1 тоннасы Б.Өтемұратов қорының есебінен алынып, ауданымыздағы 879 тұрмысы төмен отбасыларға таратылып берілген. Жалпы көмекке тиесілі отбасылардың тізімі жергілікті жерлердегі қоғамдық кеңестің ұсынысына сәйкес жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, қор көмегінің есебінен "Аспай" суағытқысын жөндеу жұмыстарының алғашқы жұмыстары да басталған.

Осы және өзге де атқарылатын жұмыстар бойынша қор өкілдері өздерін толғандырған мәселелер бойынша сөз қозғап, атқарылатын жұмыстардың барысын кеңінен талдап өттті. Одан әрі ауданға қарасты Аманөткел ауылдық округінде орналасқан "Бұрмақұлақ" учаскесіндегі "Аспай" суағытқысының жағдайымен танысты. Атап өту қажет, қор есебінен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар қор өкілдерінің және аудандық қоғамдық қор мүшелерінің жіті бақылауы арқылы іске асырылуда.




Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
04 тамыз 2021 ж. 388 0