Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бақылау бар жерде нәтиже болады

Бақылау бар жерде нәтиже болады

Аудандағы ахуал мәз емес. Анығырақ айтсақ биылғы қуаңшылық жағдайы тірлігі теңізбен және мал шаруашылығымен тікелей байланысты аудан жұртшылығы үшін өте қиынға соқты. Жауын-шашын көлемінің аз болуы мен жайылымдық жерлердің құрғап қалуынан туындаған мәселелер мал бағып отқан шаруалар мен атқарушы білікті біраз алаңдатты. Бірақ қамсыз отырып қиындықты жеңе алмаймыз. Сондықтан дер кезінде әрекетке көшкен аудан басшылары қазірде төтенше жағдай жариялап, сол бағытта істелуге тиісті жұмыстарды бастап та кетті.

Осы ретте басқа аудандар мен облыстардан жеткізілген көмектің біраз жеңілдік болып отырғанын айта кетейік. Бірақ ең бастысы Болат Өтемұратов қорынан "Аралым – айдын шалқарым" қоғамдық қорына 213 млн теңге қаржы бөлінгені. Аймақ азаматының бұл жомарттығы жығылған жұртты желпінтіп тастады.
Бірақ ел ішінде әңгіме жата ма?! Осынау қомақты көлемдегі қаржының бөлінгенін естіген жұрт арасында түрлі алып-қашпа әңгіме айтыла бастады. Бірақ кез келген нәрсенің есебі болады. Сол секілді қор төрағалары мен мүшелері қатысқан жиында аудан басшысы Серік Сермағамбетов "Әрбір игерілген қаржы мен жұмысған бағыты тікелей өзімнің бақылауымда болады" деді.
"Қыстың қамын жаз ойла" демей ме қазақ?! Малдың қыстық азығы мен жем-шөбін ерте бастан әзірлеп, қыстың қытымыр аязында төрт түліктің қиналмай көктемге шығуы үшін жасалатын жұмыстарға биылғы ауданда жасалып жатқан шаралар көп көмек болары сөзсіз. Береке – бірлікте. Осы уақытқа дейін де бастан өткен қиындықты бірліктің арқасында жеңіп шыққан аудан халқы үшін бұл қиындық та бас иеді. Себебі қолдау бар, бақылау бар. Ал бақылау бар жерде жұмыс нәтижелі аяқталады.

Айтуған Кенжебаев,
"Айтуған Кенжебаев" ШҚ төрағасы,
Аманөткел ауылы
26 шілде 2021 ж. 655 0