Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Баспасөз – жалған ақпаратты ауыздықтаушы

Баспасөз – жалған ақпаратты ауыздықтаушы

Тарих – өткен мен бүгіннің сабақтастығы. Арада қанша жыл өтсе де өшпей, сақталып қалатын тарихи сәттерге куә болып келеміз. Өткен күн қайта оралмайды. Бірақ тарих қайталанып отыратын жағдайлар да зерделей білгенге жиі кездесіп отырады.
Мысалы биыл Поволжье халқын аштықтан құтқарған Арал балықшыларының ерлігіне ғасыр толып отыр. Бүтіндей бір қаланы аштықтың ауызынан арашалаған осындай қиын кезеңде қайырымдылық көрсеткен аудан халқы сол игілікті істің қайырын көріп отыр десек артық болмас.
Себебі биылғы қуаңшылық жағдайы ауылшаруашылығымен айналысатын аудан жұртшылығы үшін ауырға соғып отыр. Бірақ дер кезінде қиындықтың алдын алып, төтенше жағдай жариялаудың нәтижесінде төрт түлік малды жем-шөппен қамтамасыз ету жұмысы басталып кетті. Өзге аудандар мен көршілес Ақтөбе мен өзге де облыстардан жеткізілген шөп жүз жыл бұрынғы көмектің өтеуіндей.
Осы орайда аудандық "Толқын" газеті ғасырлық тарихы бар оқиға мен биылғы қуаңшылық сәтіндегі ауқымды жұмысты қатар ақпараттандырып келеді. Өйткені келер күннің тарихын қалыптастыру – баспасөздің басты міндеті. Ол бұрмаланбайды және мәңгілік ақиқаттың айнасы болып қала береді. Бірнеше жылдардан кейін сарғайған газет беттерінен осы шындықты оқи аласыздар. Ауданға жеткізілген көмектің тиісті орынға жұмсалуы да бұқаралық ақпарат құралдарының басты назарында. Ел арасындағы алып-қашпа әңгіменің жалған ақпарат болатын сәттері осыған дейін де талай мәрте дәлелденген. Ал баспасөз – халық пен билік арасындағы шындықтан тұратын көпір. Елге жеткізілген көмек мал басы базаға толық тіркелген әр азаматқа көрсетіледі.

Онталап ЖОЛДАСОВ
24 шілде 2021 ж. 496 0