Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жанашырлығыңа жұртың риза

Жанашырлығыңа жұртың риза

Қазіргі уақытта аудан аумағын қуаңшылық жайлап, елдегі шаруалар мен бірлі-жарым малы бар отбасылардың жағдайы мәз емес. Қыста қардың, көктемде жауын-шашынның аз мөлшерде түсуі салдарынан орын алған осындай жағдай бүгінде жағалау жұртшылығына қиынға соғып тұр. Жағдайдың ұзаққа созылуы салдарынан елде төтенше жағдай да жарияанды.
Десе де ел болып бастама көтерген соң, жан-жақтан қолдау көрсетіліп жатыр. Әсіресе, Болат Өтемұратов қоры аудандағы құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлерге 200 млн теңгеден астам қаржы бөлгенін естігелі көңіліміз марқайып қалды.
«Атаңа рақмет, айналайын!» Сыр өңірінде балалық шағы өтіп, қазақылықтың қаймағын бойына жиып өскен бекзат болмысты Болаттың бұл көрсеткен қайрымды көмегі Арал жұртшылығының жадынан өшпек емес. Сүйегі асыл, текті қауымның ұрпағы саналған Болаттың бұл қаржысына аудандағы аз қамтылған 800-ге жуық отбасы жеммен қамтамасыз етілетін болыпты. Сонымен қатар Аманөткел елді мекеніндегі "Аспай суағытқысын іске қосу, аудан орталығынан шалғай орналасқан елі мекендерге су таситын арнайы көлік алу, суармалы жайылымдық, егістік және шабындық жерлерді суландыру мақсатында су айдау насостарын алу, алдағы жылдарға мал азығын дайындайтын сервистік орталық пен шөп оратын жасақтар құру үшін арнайы техникалар алу және Құланды елді мекенінен бір ұңғыма қазу жұмыстарын жүзеге асыру көзделіп отыр екен.
Бүгінде қаражат «Аралым – Айдын шалқарым» қоғамдық қорына аударылған. Ендігі кезек қорға түскен қаржыны талан-тараж қылмай, белгіленген бағытта тиімді үлестіру болмақ. Іске сәт, азаматтар!
Әбілбай САДЫҚБАЕВ,
зейнеткер, Арал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы
20 шілде 2021 ж. 11 092 0