Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа Қазақстанға нақты қадам

Жаңа Қазақстанға нақты қадам

Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында суперпрезиденттік модельден президенттік-парламенттік модельге ауысамыз деген болатын. Билік пен күштің бәрі бір адамның қолына шоғырланса, мемлекеттік механизмнің жұмысына теріс әсер етеді. Мұның бәрі халықаралық тәжірибеде дәлелденген дүние. Сондықтан Президенттің бұл қадамы құптауға тұрарлық.
Жалпы, билік тармақтары бір-бірімен біте қайнасып, бірін-бірі толықтырып тұруы керек. Мәселен, заң шығарушы және атқарушы органдардың арасында өзара келісімнің болғаны маңызды. Яғни шешімді бір ғана адам қабылдамауы керек. Қандай жағдай болсын өзге органдармен бірлесе отырып, ортақ келісім шығарылуға тиіс. Сонда мемлекеттік механизм жақсы жұмыс істейді. Елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсарады. Әлбетте, оң өзгерістер бірден байқалмауы мүмкін. Бірақ алдағы жарты жыл, бір жыл көлемінде оң өзгерістердің өзі көрініс бере бастайды. Мемлекеттік органдардың жұмысы дұрыс жолға қойылса, бұқараның билікке деген сенімі де күшейеді. Бұл еліміздің нақты қадамға аяқ басуын айқындайды.
Біздің елде референдум көп болған жоқ. Соңғы рет 1995 жылы өтіпті. Соған қарамастан біздің қоғам референдум өткізуге дайын деп есептеймін. Президент референдум өткізу туралы бастаманы тектен-тек көтеріп отырған жоқ қой. Ол да қоғамда айтылған пікірлерді ескеріп отыр.
Нұрсәуле ЕМБЕРГЕНОВА, 
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Арал ауданындағы филиалының директоры 
26 мамыр 2022 ж. 397 0