Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Қамбаш" жазғы тынығу лагерінің ашылу салтанаты өтті

"Қамбаш" жазғы тынығу лагерінің ашылу салтанаты өтті

Халықаралық Балаларды қорғау күні мерекесінде «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығындағы балаларға арналған жазғы тынығу лагерінің ашылуы өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Серік Сермағамбетов қатысып: «Сіздерді 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, асыға күткен жайдары жаз мезгілі де келіп жетті. Жадыраған жазғы демалыс – барлық балалардың сағына күтетін сәті. Жазғы демалыстарыңыздың әрбір күнінің естен кетпестей қызықты сәттерге толы болуына тілектеспін. Тынығу лагерінде жаңа достар тауып, ауызбіршілік пен ынтымақтың ұйытқысы бола біліңіздер. Дендерің сау, оқуда озат болыңыздыр!», – деп жылы лебізін жеткізді.

Сонымен бірге, Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрайымы Гүлнар Бабабекқызы қатысып, балалардың қызықты демалыс өткізуіне тілектестік білдірді.

Мерекелік шарада аудан басшысы және облыстық мәслихат депутаттары лагерь тынығушыларымен бірге кешкілік алау отын тұтандырды.
Атап өтейік, «Қамбаш» жазғы тынығу лагері биылғы жылы 7 ауысым бойынша 1000-нан астам баланы жазғы демалыспен қамтиды. Сондай-ақ, лагерь биылғы жылы республикамыздың өзге өңірлерінен де балаларды қабылдайды. Ал бүгінгі тынығу лагерінің алғашқы легінде 130 бала қабылданды.

Демалыс орнында балалардың қызығушылығы мен психологиялық жас ерекшеліктеріне сәйкес робототехника, ағылшын, орыс тілдерінің үйірмелері, спорттық-әскери клубтар, суда жүзу және ән, би, сурет үйірмелері жұмыс жүргізеді. Әрбір тынығушы өздерінің қалаған үйірмелеріне барып, өз уақыттарын тиімді, әрі қызықты өткізуіне жағдай жасалынған.
Сонымен қатар, жазда тынығуға келген балаларға өңір тарихы мен мәдениетін насихаттау мақсатында Арал қаласы мен Әйтеке би кентіндегі мұражайларға, Байқоңыр қаласында орналасқан «Байқоңыр ғарыш айлағы» және «Қорқыт ата» кешеніне саяхаттауға мүмкіндік қарастырылған.
"Толқын" ақпарат

02 маусым 2022 ж. 1 437 0