Университет жастары референдумды қолдайды

Кездесу барысында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, референдумды қоғамдық қолдау жөніндегі облыстық штабтың төрағасы Жандос Базартай, «Тәрбие жұмыстары және жастар саясаты» бөлімінің басшысы Жанар Бимұратқызы, Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Нәбиден Маратұлы баяндама жасады.
Жиында Жанар Бимұратқызы жастарды 5 маусым күні өтетін референдумға қатысып, белсенділік танытуға шақырды.
«Жастар еліміздегі кез келген өзгеріске бей-жай қарамауы керек. Себебі, олар біздің болашағымыз, келешектің тұтқасы осы өскелең ұрпақта. Сондықтан бүгінгі кездесуде санаулы күннен кейін өтетін референдум туралы, ондағы өзгерістер жайлы талқыладық, жастардың пікірін тыңдадық. Нәтижесінде, расымен жастардың қоғамда ықпалы жоғары, белсенді топ екеніне көзіміз жетті. Жалындаған жастар барда – Жаңа Қазақстанды әділетті, білімді, рухы биік азаматтар құратынына сенімдімін», – деді Жанар Бимұратқызы.
kyzylorda-news.kz