"Сыр журналистикасының тарихы" жинағының таныстырылымы өтті
Бүгін орталық кітапханада «Сыр журналистикасының тарихы » атты 5 томдық төл жинағының таныстырылымы өтті.
Аталған шараға облыстық «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев, облыстық «Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Айжан Абдуллаева , облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов, қалалық «Ақмешіт апталығы» басылымының бас редакторы Әзиз Батырбеков және аудандағы журналистика саласының ардагерлері мен жас тілшілер қатысты.
Сөз құдіретін өміріне серік еткен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосқан шарада аудан әкімінің орынбасары Бектемір Ұлыбекұлы сала мамандарын алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, таңдаулы жинақты түгендеу жолындағы еңбектеріне ризашылығын білдірді.
Одан соң «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Сақыпұлы жергілікті «Толқын» басылымының ардагері Жаңабай Кемалды «Сыр журналистикасының қара нары» деп бағалап, омырауына «Қазақстанның құрметті журналисті » төсбелгісін тақты.
Кеш қонақтары облыс әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққан 5 томдық тарихи еңбектің өзектілігіне, құндылығына терең тоқталды. Өткеннен толағай мағлұмат берер тарихи еңбектің миссиясы мен идеясы, Сыр өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының өткені мен бүгіні, аймақтық басылымдардың тарихи деректерін жинақтау барысындағы ерекше тұстары қатысушыларға кеңінен таныстырылды.
Басқосу барысында аудан өнерпаздарының дәстүрлі әндері тыңдалып, «Сырдың сырлы шежірешілері » атты кең көлемді кітап көрмесіне шолу жасалды.
Кеш соңында «Сыр медиа» ЖШС атынан бұқаралық ақпарат саласындағы аудан ардагерлері арнайы алғыс хаттармен марапатталып, сый-сияпаттар табысталды.
"Толқын" ақпарат