Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрбан айт – құтты мереке

Құрбан айт – құтты мереке

Ислам дінінде қастерлі екі мереке болса, соның бірегейі және ұлығы – Құрбан айт. Бұл мерекенің негізі сонау пайғамбарлар атасы саналатын Ибраһим пайғамбардың әулетінен бастау алады. Тарих мен тағылымды ұштастырған қасиетті мерекенің құндылығы да тереңде жатыр.
Барша мұсылман жамағатына ортақ мерекенің маңызы ерекше. 3 күнге созылған бұл айтта мұсылмандар бір-бірімен жақындасып, жанжалдасқандар татуласып, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, мейірім мен ізгілік насихатталады.
Аталған құлшылықтың маңызы туралы шығыстанушы ғалым Заур Жалилов осы әрекеті арқылы мұсылман баласы Алланың ризашылығына бөленуге үміт ететіні туралы айта келе, бұл мейрам Орта Азия халықтарының ежелгі салты бойынша діни мазмұнынан бөлек, тағы бір қыры гуманистік аспектілерге негізделген өте зор құндылық дейді. Демек мұсылман баласы осы құлшылығы арқылы Жаратушыға жақындаумен қатар, туыстарына қамқорлық жасап, жағдайы төмен адамдарға көмек қолын созуы екі бастан анық нәрсе.
Өйткені Ұлы Иеміз біздің бір жапырақ етке мұқтаж емес. Құран кәрімнің «Хаж» сүресінің 37-ші аятында: «Олардың (құрбан малының) еттері де, қандары да Алла тағалаға жетпейді. Тақуалықтарың ғана жетеді» деген ашық үкім бар. Осындағы аяттың тірі тәпсірі тәрізді мына бір сүннет амалын айтпай кетсек болмас. Бірде үлкен сахаба Омар ибн Хаттаб (р.а.) құрбандық шалу үшін түйе сатып алыпты. Келе жатып алған түйесінен де семіз үлкен түйені көріп қалып, Алланың ризашылығы үшін ана семіз түйені соямын дегенінде, пайғамбарымыз оған: «Омар, сойған малының еті де, қаны да Аллаға бармайды, тек сенің ықыласың ғана жетеді. Атап қойған малыңды соя бер» дегені жайлы хадис бар.
Яки жоғарыда айтылған шариғат үкімдерін қазақтың жалпақ тілімен жеткізер болсақ, құрбандық құлшылығы әуелі бір Аллаға бағытталып, шалынған мал еті жоқ-жітіктің жыртығын жамайтын көңіл қуанышына айналуы керек. Өзінің білімдарлығымен аты шыққан төртінші халифа Әли ибн Әбуталиф айтқандай, байлар кедейлерге көмектесіп тұрса, ал кедейлер дүние үшін ақыретін сатпаса, ондай елде ешқашан бүлікшілік болмайды.
Кейбір адамдар тарапынан құрбандық шалу рәсімін ысырапшылдыққа балап, бейуаз мал байғұсқа обал деген сыңайлы пікірлер де айтылып жатады. Әрине жеке тұлғаның өз ойы мен жеке пайымы болғаны дұрыс. Дегенмен біз білетін бір ақиқат бар. Адам өлшеулі, Алла өлшеусіз. Абай атамыз 38-ші қара сөзінде айтқандай, «өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды» деген. Оның сыртында құрбан шалу құлшылығының пайда болу тарихы тым тереңде. Дінтанушы Мұратбек Қыстаубаевтың пайымынша, құрбан айт мерекесі 642 жылы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) нұсқауымен ұлық пайғамбар Ибраһимнің құрметіне орай қалыптасқан.
Ол ненің құрметі дегенге тоқталар болсақ, барлық пайғамбарлардың атасы саналатын Ибраһимге түсінде Алла тағала «ұлың Исмайылды құрбандыққа шал» деп аян береді. Ұлы Жаратушының үкімін қалтқысыз орындау үшін қарт пайғамбар баласын жетектеп, қазіргі Мекке қаласының шет жағы Мина жазығына құрбандыққа шалуға алып келеді. Дәл үкім орындалар сәтте Алла тарапынан уахи түсіп, Исмайылды босатып, оның орнына мынаны шал деп көктен қошқар түсіреді. Міне, содан бері Ибраһим пайғамбардың Жаратушыға шынайы берілген құрметі үшін кейінгі барлық мұсылмандарға ақыр заманға дейін құрбан шалу міндеті жүктелген.
Сонымен қатар құрбандыққа шалынатын малдың да шариғат бекіткен шарты бар. Бұл шарт сақталмаса құрбандық қабыл емес. Біріншіден, құрбандыққа қой, ешкі, сиыр және түйе малдары жарамды саналады. Құрбанға шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.) құрбандық мал турасында: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтын дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және жілігі көрінетіндей тым арық малдар құрбандыққа жарамайды» деген.
Құрбан шалуға ниет еткен мұсылманның атқарар әдебі жайлы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тарапынан бекітілген «Ислам ғылымхалы» атты кітапта, мал бауыздайтын пышақ өте өткір болуы шарт, одан кейін құрбандықтың басы құбылаға қаратылғаны дұрыс, соңында малдың аяғын жақсылап байлап бауыздамас бұрын міндетті түрде «Бисмилляхи, Аллаху акбар» деп дұға жасайды, делінген.
Ислам ғалымдары құрбандықтың етін Құран кәрімде айтылған "Құрбанның етінен өздерің жеңдер, әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер» деген аят бойынша, еттің бір бөлігін иесі өзі алады, бір бөлігін жағдайы нашар адамдарға таратады, үшінші бөлігін садақа ретінде жоқ-жітікке берген абзал" деген пәтуаны ұстануда.
Сөзімнің соңын Нұр-Мүбарак ислам университетінің докторанты, исламтанушы Қуат Қабдолданың әлеуметтік желіге жариялаған құнды пікірімен аяқтағанды жөн көрдім: «Егер құрбан шалатын болсаң малды қаншаға сатып алғаныңды көпшілік ортасында, достарыңның жанында айтпа және қымбатқа алсаң ренжіме. Өйткені бұл құрбандығыңды Аллаға жақындау ниетімен шалып отырсың. Алла тағала сенің айтқаныңды естиді, сондықтан ғибадатыңды жақсы ниетпен орында. Себебі ол Алланың бұйрығы. Жаратқан Иеміз Құранда: «Кім Алланың белгілерін ұлықтаса күдіксіз ол жүректің тақуалығынан» деп бұйырған. Жаратушы Алла тағала барша мұсылман қауымының бұл күндері шалған құрбандықтарын қабылдыққа жазып, атқарған әрбір ізгі амал-әрекеттеріне сауаптан жазғай! Құрбан айт құтты болсын!
А. ЖҰМАҒҰЛОВА
09 шілде 2022 ж. 383 0