Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елімізде пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары басталды

Елімізде пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары басталды

Қазақстанда пән мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстары басталды. Оларды «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының өкілдері EdCrunch Academy-мен бірлесіп әзірледі, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мамандар 12 пән бойынша 44 бағдарлама әзірледі. Еліміздің түкпір-түкпірінен барлығы 40 000-нан астам математика, информатика, физика, химия, биология, география, тарих, жаратылыстану, қазақ, орыс, ағылшын тілдері және бастауыш сынып мұғалімдері курстан өтеді.

«Курстар басталған күні 6 603 мұғалім оқуға кірісті. Курстарды бастамас бұрын мұғалімдер цифрлық платформада диагностикалық тестілеуден өтеді. Бұл курстар басталған кезде мұғалімдердің пәндік білім деңгейін анықтау үшін қажет. Тестілеу педагогтердің оқудағы қажеттіліктерін анықтауға және білім беру бағдарламасының тиімділігін бағалауға көмектеседі. Курстың басынан сабақтың соңғы нәтижесіне дейінгі оқу процесі толығымен талданады. Тестілеу нәтижелері құпия болады және қорытынды бағалауда есепке алынбайтынын еске сала кетейік», деді Оқу-ағарту министрлігі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әсел Мұхаметжанова.

Курстарды өту қорытындысы бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін оқытудың тиімділігіне талдау және олардың алған білімдерін қорытынды бағалау жүргізіледі. Мұғалімдердің сабаққа қатысуы және олардың сабақтағы белсенділігі, мысалы, сыныптағы/топтағы басқа қатысушылармен өзара әрекеттесу, жауап беру және жаңа идеялар мен шешімдерді ұсыну сияқты критерийлер бойынша бағаланады. Содан кейін мұғалімдер қорытынды тест тапсырады. Тестілеуді сәтті аяқтау - курсты аяқтаудың міндетті шарты.

Сертификаттар барлық критерий бойынша шекті балл жинай алған қатысушыларға ғана беріледі. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, пәндік құзыреттіліктерді арттыруға арналған білім беру бағдарламалары педагогтердің кәсіби дамуына және жұмыс сапасына оң әсер етеді. Бұл сонымен қатар жалпы білім сапасына, оның ішінде оқушының біліміне де оң әсерін тигізеді.
02 тамыз 2022 ж. 573 0