Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданының әкімі ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады

Арал ауданының әкімі ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады

Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов Сырдария өзені бойында орналасқан Жетес би, Райым, Аманөткел және Қосжар ауылдық округтерінде халықпен кездесіп, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді тыңдады.

Ауыл тұрғындарымен өткен кездесуде аудан басшысы өлкедегі оң өзгерістерге тоқталып, алдағы жоспарлармен де бөлісті. Президент тапсырмасына сәйкес, негізгі жұмыс халықты қажетті инфрақұрылыммен, яғни ауыз су, электр энергиясы, жылу, жолмен қамтамасыз етуге бағытталғанын айтып өтті.

Аудан 2022 жылдың алты айының қорытындысымен облыс бойынша үшінші орынға тұрақтаған. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер толық орындалған. Елді мекендердің сексен пайызы ауыз су мен қамтылса, Ақбасты және Абай, Тоқабай ауылдарына ауыз су құбырын тартуға арналған өтпелі негізде жүзеге асатын ірі жоба бастау алды. Сонымен бірге Бекбауыл елді мекеніне дейінгі, Қаратерең-Жаңақұрылыс, Бөген-Ақлақ, Қызылжар елді мекеніне кіре беріс, Қызылжар-Шөмішкөл бағытындағы автокөлік жолдары жөндеуден өткізіу үшін тиісті қаржы бөлініп, жақын күндері жұмыстар басталатындығын жеткізді. Мұнымен қоса, Сазды елді мекеніне кіре беріс жол жөнделіп жатса, Аманөткел елді мекеніндегі Хан көпірін жөндеуден өткізу жұмыстары биылғы жылы басталатынын білдірді. Сондай-ақ, Арал қаласындағы аспалы темір жол өткелі, кәріз су жүйесіне арналған жобалар әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған.

Ауылшаруашылығын дамытуға арналған Жол картасы бекітіліп, егін, егуге айрықша мән беріліп, мал және балық шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет тарапынан белгіленген субсидия берілуде.

Білім беру саласына қатысты Жақсықылыш кенті мен Тоқабай, Бөген, Атанши елді мекендерінде жеке кәсіпкерлер тарапынан балабақша құрылысы жүргізіліп жатса, Арал қаласынан жеке мектеп салынуда.

Аудан әкімімен өткен кездесуде Жетес би ауылдық округінің тұрғындары дария суын тиімді пайдалану үшін арнайы көпір салу мен шлюз орнатуды ұсынса, ауыл маңындағы көл суларының қайтпауы себебінен пішен оруға қиындық тудыратынын айтты. Мұнымен бірге балаларға арналған үйірмелер көбірек ашылса, спорт кешені салынса деген ұсыныстарын да жеткізді.

Балаларға арналған қосымша білім беру орталықтарын ашу, спорт кешендерін салу бәсекелестік ортаға беріліп, жеке кәсіркерлер арқылы шешімін тауып жатқандығы түсіндірілді. Сонымен бірге, Сырдария өзені бойындағы барлық су тоспалары ашылып, теңізге құйылып жатқаны айтылып, дария бойынан ауылға берілетін суды реттеу үшін шлюз орнату мәселесі де назарға алынатын болды. Ал Қызылжар халқы жол мәселесі шешімін табатындығына ризашылықтарын жеткізіп, ауылды абаттандыру, көгалдандыру шараларын жандандыруды ұсынып, Шөмішкөл елді мекенінде электр тогының қуаты аз екендігін айтты.

Ауылды абаттандыру қаржыны үнемдеу арқылы жүзеге асырылатындығы жеткізіліп, ауыл әкіміне барлық мүмкіндіктерді қарастырып, тиісті жұмыстар жүргізу жүктелді.

Кездесу мұнан кейін Аманөткел ауылдық округінде жалғасты.

Мұнда тұрғындар тарапынан ауылішілік жолдарды асфальттау, Хан елді мекеніне барар жолдың сапасыздығы, электр желісінің нашарлығы айтылды.Ауылішілік жолдарға байланысты жоба әзірленіп, қаржыландырылуы үшін облыстық басқармаларға өтінім берілген, қаржы берілсе алғашқы көшелерді асфальттау басталатындығы жеткізілді. Ал Хан елді мекеніне барар жол уақытша көлік қатынасына жеңіл болуы үшін тегістелетін болды. Аудан әкімінің Сыр бойындағы ауылдарға жасаған сапары Қосжар ауылдық округінде түйінделді. Алдымен №67 орта мектебінің жылу беру маусымына дайындық барысын бақылап шықты.

Қосжарлықтар ішкі көшелерге жол салу, «Қамыстыбас» питомнигіне жөндеу жұмыстарын жүргізу, ауыл әкімшілігі ғимаратының ескіргендігін жеткізді.

Аудан басшысы ауылішілік көшелерді асфальттау үшін жоба әзірленіп, тиісті жұмыстар атқарылатынын айтты.

Ал балық питомнигі республикалық мекеме болғандықтан, басшылығына ұсыныс хат жолданатын болды. Ауылдағы әкімшілік ғимаратын жаңалау да назарға алынатындығын айтып, жеке кәсіпкерлер арқылы ғимарат құрылысын жүргізу тиімді болатындығын айтты.

Атап өтейік, бірнеше елді мекенде ток қуатының аздығы, электр желілерін жаңарту мәселелері көтерілді. Бұл бойынша барлық ауылдар толық зерделеніп, жоба-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Қазіргі уақытта кезектілігімен жаңартылып жатқаны түсіндірілді.

Аудан әкімі ауылдық округтерге жасаған сапары барысында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Қабылдауға жазылғандар жұмысқа орналасу мәселесімен жүгінді. Тұрғындар мәселесін тыңдаған аудан басшысы ауылдық округ әкімдері мен жауапты бөлім басшыларына заңдылыққа сәйкес жұмысқа алу тәртібімен барлық мүмкіндіктерді қарастыруды жүктеді.

kyzylorda-news.kz
17 тамыз 2022 ж. 417 0