Аудан әкімі шалғай орналасқан ауыл тұрғындарымен кездесті
Аудан әкімі С. Сермағамбетов Қосаман, Ақбасты, Беларан ауылдық округтеріне барып, тұрғындармен кездесті.
Алдымен аудан орталығынан шалғай орналасқан ауылдардың халқына өңірдегі жыл басынан бері атқарылған жұмыстар жөнінде айтып өтті. Сонымен қатар, жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар мен алдағы жоспарларға тоқталып өтті. Ақбастылықтар үшін көптен өзекті боп келе жатқан мәселе шешімін тауып, елді мекенге ауыз су құбыры тартылуда. Өтпелі негізде жүзеге асырылып жатқан жоба арқылы Ақеспе ауылы да таза ауыз сумен қамтылатын болады.
Аталған елді мекен тұрғындары негізінен жол мәселесі қиындық тудыратынын айтты. Қосамандықтар ауыз су құбыры сервистік желіге қосылса деген ұсыныстарын жеткізді.
Жол мәселесіне қатысты тұрғындарға бірінші кезекте өткен жылы бастау алған жол құрылыстары аяқталып, одан соң сметалық құжаттамалары дайындалған жобалар бойынша жұмыс жасалатындығы түсіндірілді.
Ақбасты және Құланды ауылы халқының сұранысына сәйкес жедел жәрдем көлігі қажеттігі жөнінде денсаулық сақтау басқармасына ұсыныс хат жолданған. Алайда халық санына байланысты нормативтерге сәйкес келмейтіндігі жеткізіліп, «Халықаралық Аралды құтқару қоры» есебінен берілген көлікке жабдықтар алу үшін мүмкіндіктер қарастырылатыны айтылды. Аталған екі ауылдың учаскелік полиция инспекторы жаңадан беілген автокөлікті игіліктеріне пайдалануда.
Ал Құланды ауылында көтерілген медициналық қызмет түрлеріне қатысты мәселелерге орай аудандық аурухананың бас дәрігеріне ерекше бақылауға алу жүктелді. Ауыл тұрғындарын ауызсумен қамту үшін де жоба әзірденіп жатқаны түсіндірілді.
Тұрғындармен өткен кездесуден соң аудан әкімі Құланды елді мекеніндегі ауылдық клуб пен кітапханаға барып, қазіргі жағдайымен танысты. Ауданда бірнеше елді мекендегі клуб ғимараттары апатты деп танылғандықтан, алдымен сол ғимараттардың мәселесін шешу қарастыратыны айтылды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі