Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АУДАН ӘКІМІ ШӨМІШ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ БОЛДЫ

АУДАН ӘКІМІ ШӨМІШ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ БОЛДЫ

Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Аралқұм ауылдық округіне қарасты Шөміш елді мекенінде болды. Аудан басшысы алдымен кварц құмын игерумен айналысатын «Латон-Маркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларымен кездесіп, жұмыс барысымен және құмды вагондарға тиеуге арналған аймақ пен қатынап жұмыс жасайтын жұмысшылардың жатын орындары мен асханасын аралап танысып шықты.
Қазргі таңда аталған мекемеде 43 адам жұмыс жасайды, оның 23-і жергілікті жерден қамтылған. Негізінен шыны жасау мақсатында пайдаланатын кварц құмы Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент қалаларына және көршілес Қырғызстан мемлекетіне жөнелтіледі.
Аудан әкімі одан соң №263 орта мектебінің ғимаратында ауыл халқымен кездесті. Жиында тұрғындар «Латон-Маркет» ЖШС-і камаз автокөліктерімен құм тасымалдау кезінде шаң көтерілетіндігін және елді мекенге ауыз су, жол, электр энергиясы, ұялы байланыс, спорт алаңының қажет екендігі жөнінде ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Тұрғындармен өткен кездесуде «Латон-Маркет» ЖШС-нің директоры Керимов Шәріпхан мекемеге қатысты айтылған мәселелерге жауап беріп, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдеді.
Аудан басшысы тұрғындардың ұсыныстарын мұқият тыңдаған соң, халықтың көптен күткен қуанышы ауыз су мәселесінің шешімін тауып, көктем мезгілінде құрылыс жұмыстары басталатындығын жеткізді. Сонымен қатар, алдағы уақытта жасанды төсеніші бар спорт алаңын салу және елді мекеннің орталық көшесін жарықтандыру үшін қажетті жоба сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары жүргізілетіндігін айтып өтті. Ал жоғарыда аталған кварц құмын тасымалдау кезінде көтерілетін шаңды басу үшін қосымша арнайы су себетін автокөлік бөлу қажет екендігін жауапты мекеме директорына тапсырды.
Аудан әкімі жиында айтылған жол, ұялы байланыс сынды барлық мәселелердің ескерусіз қалмай оңтайлы шешімін табуы үшін тиісті жұмыстар жүргізілетіндігін айтты.



16 ақпан 2020 ж. 782 0