Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫСТАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

ЖОСПАРЛЫ ЖҰМЫСТАР ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛДЫ

Аудан әкімінің есепті кездесуі Аралқұм ауылдық округінде жалғасты. Кездесуде тұрғындар алдымен учаскелік полиция инспекторының есепті баяндамасын тыңдады. Одан әрі аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен Аралқұм ауылдық округінің әкімі Сәкен Садықбаев тұрғындарының алдында жыл көлемінде атқарылған жұмысты саралап, алда тұрған міндеттерді межеледі.
Өткен жылы атқарған жұмыстары мен алдағы уақытта жалғасын табатын игі істер туралы баяндама жасаған ауылдық округ әкімі С.Садықбаев округ көлемінде қол жеткізген игі жетістіктерге тоқталып өтті.

Округ тұрғындарының негізгі тіршілігі мал шаруашылығы.
Өткен жыл Аралқұм елді мекенінің орталығынан Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған боздақтар мен соғыс ардагерлеріне «Тағзым алаңы» салынды. Сонымен қатар, автодәліз бойында белгіленбеген орында сауда жасаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Аралқұм ауылының екі шетіне сауда қатарлары салынып берілді.

Кәсіпкерлікті дамыту шаралары бойынша ауылдық округ бойынша 23 жеке кәсіпкердің 10-ы азық-түлік сатумен, 5 кәсіпкер жолаушылар тасымалымен айналысса, 2 кәсіпкер тұрғындарға қызмет көрсетумен, 6 кәсіпкер несие алып, мал басын өсірумен айналысуда. Сондай-ақ, , 16 шаруа қожалығы мал өсірумен және мал тұқымын асылдандыруда.
Ауылдық округке қарасты Шөміш елді мекеніндегі «Латон-Маркет» ЖШС-і кварц құмын игерумен айналысады. Аталған мекемеде 40 адам жұмыс жасаса, оның 23-і жергілікті жерден қамтылған.

Ауылдық округтегі № 61 орта мектептен 2018-2019 оқу жылында 10 оқушы мектеп бітірсе, 2 оқушы «Алтын белгі» иегері атанып, 8 оқушы мемлекеттік грантпен жоғары оқу орындарына түсті. №263 Шөміш орта мектебінде 6 бала бітірді. Сонымен қатар, «Латон Маркет» ЖШС–ның демеушілігімен Шөміш елді мекенінен 9 бала колледжде оқуда.

2019 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыздыққа тіркеліп тұрған 6 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 1 адам жастар тәжірибесімен, 13 адам уақытша маусымдық жұмысқа тартылды.

Одан әрі, жиналыста тұрғындар алдында есеп берген аудан әкімі М.Оразбаев өткен жылы атқарылған жұмыстар мен және алдағы жоспарларға тоқталды. Ауыл тұрғындары есепке оң бағаларын беріп, атқарылған жұмыстарға ризашылықтарын жеткізді.
26 қаңтар 2020 ж. 973 0