Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Іссапар: Аудан әкімі бірқатар елді мекендердің тыныс-тіршілігін бақылап қайтты

Іссапар: Аудан әкімі бірқатар елді мекендердің тыныс-тіршілігін бақылап қайтты

Күні кеше аудан әкімі Серік Сермағамбетов бірқатар елді мекендерде болып, жергілікті тұрғындармен жүздесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйіне қанықты.
Алдымен Сексеуіл кентіне қарасты Көнту ауылына табан тіреген аудан басшысы елді мекен тұрғындарымен жүздесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Ауыл жұрты елді мекенге кіреберіс жолдың жағдайы мен ауыз су мәселесін шешіп беруді сұрады. Қазіргі таңда Көнту тұрғындары ауыз суды ауыл орталығына орнатылған 1 су калонкасынан тұтынып отыр. Осы орайда аудан әкімі тиісті сала басшысына үйлерге ауыз су желісін тарту жұмыстарын жүзеге асыру бағытында жоба-сметалық құжаттарын шұғыл әзірлеу және жол мәселесіне байланысты тегістеу жодарын қарастыру жөнінде тапсырма берді. Сапар барысында ауылдағы бастауыш мектептің алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы да назардан тыс қалмады.

Одан әрі аудан басшысы Мергенсай ауылдық округінде орналасқан «Үш шоқы» өңірінен қазылған су ұңғымасының жұмысымен танысты. Арнайы мал суарылымы үшін қазылған ұңғыманың тереңдігі 475 метрді құрайды. Мердігер «Ақбереке» ЖШС-гі мекемесі арқылы қазылған ұңғыма жұмысы қазіргі таңда толықтай аяқталып, су алуға мүмкіндік жасалды.
Мұнан соң аудан әкімі Қосаман ауылдық округіне қарасты Ақеспе елді мекенінде бастау алған «Қосаман-Ақбасты» су тармағын салу және Ақбасты елді мекенін сумен жабдықтау жұмыстарына куә болды.

Осы тұста аудан басшысы бүгінгі басталып жатқан игілікті жұмыстар ел Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы жолдауында шалғай елді мекендерді таза ауыз сумен қамту бағытында көзделген тапсырмасымен үндесіп жатқандығын атап өтті. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министірлігінің су ресурстары комитетінің тапсырысы негізінде бастау алған жұмыстар келер жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Аудан әкімінің жұмыс сапары одан әрі Құланды ауылдық округінде жалғасты.





"Толқын" ақпарат

11 қыркүйек 2021 ж. 390 0