Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Журналистер арасында өңірлік «Шаңырақ» шығармашылық байқауы қорытындыланды

Журналистер арасында өңірлік «Шаңырақ» шығармашылық байқауы қорытындыланды

Бүгін Достық үйінің мәжіліс залында Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен этножурналистика саласындағы облыстық «Шаңырақ» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Жүлдегерлерді облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов марапаттап, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне этносаралық татулық пен бірліктің нығаюына қосқан елеулі еңбектері үшін ризашылығын білдірді.

Жыл сайын Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен барлық өңірлерде ел бірлігін сақтау жолында, қоғамдық келісімді одан әрі нығайту ниетінде кеңінен қалам тербеп жүрген ақпарат құралдарының өкілдері арасында дәстүрлі түрде шығармашылық байқаулар өткізіліп келетіндігін атап өтті.

Бұл байқауда қазылар алқасының құрамында белді де беделді, өз саласының білгірлері «Хабар24» телеарнасының Қызылорда облысы бойынша меншікті тілшісі Қамбар Бекенов, журналистер мен сарапшылар клубының төрайымы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Елена Рыбина және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы Ақерке Жолмаханова болып, барлық шығармашылық жұмыстарды қарап, саралап тиісті бағаларын қойды.

Нәтижесінде, әділ қазылар алқасының шешімі бойынша «Ең үздік мақала» номинациясы бойынша Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Журналистика факультетінің студенті Аружан Ерланқызы, «Үздік танымдық мақала» номинациясы бойынша облыстық «Кызылординские вести» газетінің тілшісі Инна Бекеева, «Ынтымақ жаршысы» номинациясы бойынша облыстық «Qyzylorda» телеарнасының журналисі Асқар Тәжиев, «Өзекті мақала» номинациясы бойынша «Qyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігінің тілшісі Динара Маханова, «Үздік телевизиялық репортаж» номинациясымен республикалық «Astana» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Мөлдір Қожахметова, «Татулық пен достық жаршысы» номинациясымен облыстық «Qogam TV» телеарнасының журналисі Айдана Кәуленова және «Бірлік жаршысы» номинациясымен республикалық «Коре-ильбо» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Денис Пак марапатталды. Барлық жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталды.

«Бұл жолғы байқаудың мақсаты елдегі татулық пен бірліктің беріктігін насихаттау, этносаралық қатынастар тақырыбын жазып, көрсететін журналистерді ынталандыру арқылы қоғамдық келісімді нығайту болып табылады. Үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап байқауға бірнеше өтінімдер келіп түсті. Республикалық, облыстық, қалалық телеарна мен баспасөзден 25 өтінім қабылданып, қаралды. Жыл сайын байқауға қатысушылардың саны көбейіп, шығармашылық жұмыстардың сапасы артуда»,- деп атап өтті Журналистер мен сарапшылар клубының төрайымы Елена Рыбина.

Мұнан соң Журналистер мен сарапшылар клубының атқарған жұмысының көрінісі негізінде арнайы бейнеролик көрсетілді.

Сондай-ақ, өңіріміздің дамуына сүбелі үлес қосып, түрлі салада қызмет еткен этнос өкілдерін, еңбек адамдарын насихаттау үшін «Бірлік жаршысы», «Nations ORDA» айдарларын Журналистер клуб мүшелерімен бірлесіп аудандарда жүргізуге ұсыныстар айтылып, пікірлер тыңдалды.

Еске сала кетейік, байқаудағы үздік шығармашылық жұмыстар Астана қаласында өтетін республикалық байқауға қатысу үшін жіберілетін болады.

kyzylorda-news.kz
22 қыркүйек 2022 ж. 449 0