Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекеде 6 бала өмірге келді

Мерекеде 6 бала өмірге келді

25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында облыста 55 нәресте өмірге келген. Оның ішінде 6 бала Арал ауданында дүние есігін ашты. Олардың үшеуі ер бала болса, үшеуі қыз бала. Осыған орай ауданның бас дәрігері Марат Ршымбетов мереке күні өмірге келген сәбилер мен аналарды құттықтап арнайы сый жасады.
– Ұлттық мереке қарсаңында еліміздің тұрғындары 6 жанмен толықты. Өмірге келген бұл нәрестелер – ертеңгі елдің болашағы. Сондықтан балақайлардың келешегі жарқын болсын. Мемлекетімізді гүлдендіретін азамат болып өссін, – деп ізгі тілегін жеткізген М. Ршымбетов аналарға кәсіподақ тарапынан дайындалған арнайы сыйын табыстады.
Мереке күні Нағашыбаевтар әулетінің де қуанышы еселене түсті. Бұл күні олардың отбасы Бибіайша есімді кішкентай қыз баламен толықты.
– Бүгін тұңғышымыз өмірге келді. Бұл біздің жанұямыздың көптен күткен қуанышы. Сондықтан мереке бізге берекесімен келіп жатыр. Еліміз үшін теңдесіз мереке – Республика күні қарсаңында дүние есігін ашқан қызымыздың болашағы жарқын, тәуелсіз елімізді өркендетер азаматша болсын деп ырым етіп жатырмыз, – дейді жас босанған ана Әлия Отаралиева.
Өмірге келген әрбір бала – еліміздің ертеңі. Болашақтың иесі. Сондықтан Ұлттық мерекеде өмір есігін ашқан перзенттердің өмірі ұзақ болып, ұлттың қамын күйттеген азамат болсын деп тілейміз. Бақытқа кенелген шаңырақтардың шаттығы ортаймасын.

«Толқын» ақпарат
27 қазан 2022 ж. 238 0