Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұрлыбек Нәлібаев құрылысшылармен кездесіп, жаңа жобалар туралы пікірлесті

Нұрлыбек Нәлібаев құрылысшылармен кездесіп, жаңа жобалар туралы пікірлесті

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жергілікті құрылыс компания басшыларымен кездесіп, облыстың құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Жиында кәсіпкерлерге салықтық әкімшіліктендіру, жүргізілетін құрылыс жұмыстарының жоспары мен келер жылдан бастап мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамаға енгізілетін өзгерістер түсіндірілді.
Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғани Аманов кәсіпкерлер салықтық түсімдерді уақытылы және ашық түрде жүргізуі қажет екенін және салық базасын ұлғайтуға ынталы мердігерлерге мемлекет тарапынан қолдау барын айтты.
Ал, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев алдағы жылға құрылыс жұмыстары ауқымды көлемде, яғни мемлекеттік бюджеттен әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына барлығы 41,6 млрд. теңге бөлінгенін тілге тиек етті. Бұл қаржыға облыста 128 нысанның құрылысы жүргізілмек. Сондықтан мердігерлер мен техникалық қадағалаушы мекемелердің жауапкершілігі қатаң қаралады.
Жиында сөз алған мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов облыс әкімінің бастамасына сәйкес Қаржы министрлігімен бірлескен жұмыстар нәтижесінде келер жылдан бастап конкурсқа түскен жеңімпаздарды анықтауда жергілікті мекемелерге басымдық беріледі. Бұл үшін критерийге өзгерістер енгізілді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа өзгерістер аймақтың өнім берушілерінің жеңіске жетуін және жұмыс көлемін қосалқы мердігерге беруін азайтып, өңірге салық түсімдерін көбейтеді деді. Ал, объектілері аяқталмаған мердігердің жеңімпаз болу мүмкіндігі төмендейді. Бұл өз кезегінде әлеуетті өнім берушілер арасында жұмыстарды, қызметтерді тең бөлуге және шартты өз мерзімінде орындауға жол ашады.
«Бұдан былай аудан және қала әкімдіктері мемлекеттік сатып алу конкурстарын ұйымдастырмайды. Мемлекеттік сатып алу процестері толықтай орталықтандырылып, басқарма арқылы жүргізіледі. Бұл салаға басқарма басшысы ретінде білікті заңгер Бауыржан Шәменовты тағайындап, жұмыстың сапалы әрі әділ өтуіне нақты талап қойдық. Сондықтан салынатын әрбір нысан сапалы және өз мерзімінде аяқталуы керек», - деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.
Басқосуда аймақ басшысы мәслихат сессиясында үш жылдық бюджет 520,7 млрд.теңге көлемінде бекітілгенін атап өтіп, даму шығыстарының үлесі 44,5 млрд.теңгеге жеткенін тілге тиек етті. Бұл өткен жылдың бекітілген бюджетімен салыстырғанда 3,5 есеге артық.
Өңірде құрылыс-монтаждау жұмыстарының іске асырылуына арналатын жобаларға барлығы 83 млрд. теңге қаржы бөлінген. Облыс әкімі бұл қаржыны 114,5 млрд. теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.
Аймақ басшысы туған жерінің дамуына жанашырлық танытып, ортақ іске біріккен кәсіпкерлерге шынайы алғысын білдіріп, әрдайым бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. Биылдың өзінде өңірде меценаттар мен кәсіпкерлер 9 млрд. теңгеден асатын демеушілік жасап, маңызды жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсетті.
Мәселен, «Балалар жылында» демеушілердің қолдауымен құны 1,6 млрд.теңгені құрайтын 80 спорт-ойын алаңы тарту етілді, ал Жаңақорған ауданында құны 790 млн. теңге болатын заманауи демалыс паркі ашылды. Сырдария ауданында, Нағи Ілиясов ауылында құны 350 млн. теңгені құрайтын «Еңбекшілер паркі» бой көтерсе, Арал ауданында «Балықшылар монументі мен аллеясы ашылды. Мұнан бөлек, апатты деп танылған Тоқабай ауылындағы мектеп жеке инвестор есебінен 500 млн.теңге қаржыға қайта салынуда.
Биыл құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын Неке сарайының, 3,7 млрд. теңге болатын 1000 орындық Өнер орталығының және құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын Қан орталығының құрылысы басталды.
Белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен облыс орталығында құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысы жүргізілуде.
Нұрлыбек Нәлібаев қаланың негізгі қақпасы саналатын әуежайда қайта жаңаратынын тілге тиек етті. Меценат Болат Өтемұратов қорының қолдауымен құны 12 млрд. теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы салынады. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары аяқталды. Келесі жылы ақпан айында құрылысы басталып, 2024 жылы ел игілігіне беріледі. Ал, демеушілердің көмегімен 100 млн. теңгеге қазіргі терминалға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, әуежай алаңы жаңартылды.
Облыс әкімі темір жол вокзалы мен автовокзал ғимараттарын жөндеу жұмыстарына ниетті кәсіпкерлерге әрдайым қолдау болатынын жеткізіп, жерлестерін туған жерді дамыту ісіне үлес қосуға шақырды.
Өңірдің Түркістан облысымен шекараласатын тұсынан демеуші есебінен құны 200 млн. теңгеге облыстың кіреберіс қақпасы бой көтеруде. Нысан жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі.
Мұнан бөлек, Қызылордада «Қазгермұнай» бірлескен кәсіпорны басшылығымен келісім нәтижесінде заманауи үлгідегі «Оқушылар Сарайының» және «Саутс Ойл» компанияның демеушілігімен 7 мың адамға арналған «Қайсар» футбол командасының жаңа стадионының құрылысы салынбақ.
Жиын соңында аймақ басшысы қала және аудан әкімдеріне және құрылысшылар қауымына әрбір жаңа нысан халыққа қолайлы жерден салынуы қажет екенін баса айтты. Бұл ретте жобалау жұмыстарына жеткілікті деңгейде мән беріп, құрылыстың сапалы аяқталуы басты шарт екенін еске салды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі 
19 желтоқсан 2022 ж. 428 0