Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада Президент шыршасы өтті

Қызылордада Президент шыршасы өтті

Жылдағы дәстүр бойынша Жаңа жыл қарсаңында Президент шыршасы ұйымдастырылып, оқушылар қуанышқа кенелді.

«Жаңа Қазақстан – бақытты балалық шақ мекені» атты Президент шыршасына бүкіл облыстан оқу озаттары, 80-ге жуық аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары, ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар мен 7 «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушісі қатысты. Шыршаға барлығы 200 бала шақырылған.
Шарада облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының бүлдіршіндерге арналған жаңажылдық құттықтауын жеткізді.

«Ұлағатты ұрпағымыздың лайықты өмір сүруіне, өсіп-өнуіне ықпал ету, жақсы білім алуына жағдай жасау – біздің басты мақсатымыз.

Бүгінгі күні облыстағы 677 балабақшада 60 мыңға жуық бала тәрбиеленуде. Биыл 19 балабақша, 6 мектеп, ал Жалағаш ауданында 250 орындық оқушылар үйі пайдалануға берілді.

Дарынды балаларды қолдау мақсатында Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданынан 150 орындық 2 мектеп-интернаты ашылды.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Осының нәтижесінде алдағы 3 жылда облысымызда заманауи 21 мектеп салынады. Дарынды балаларға арналған физика–математика мектеп интернатының құрылысы басталады. Бұл ел келешегі балаларымыз үшін жасалған үлкен қамқорлық, айрықша қолдау! Мерейлі жыл белесінде жеткіншектеріміздің рухани-мәдени дамуын назардан тыс қалдырған емеспіз», - деді аймақ басшысы.

Шыршаға келген балалар ойын ойнап, ән шырқады, театрландырылған қойылым тамашалады және естелік сыйлық алды. Сондай-ақ, мейрам қонақтарына арнайы фотосессия ұйымдастырылды.
Айта кетейік, Балалар жылы аясында Сыр өңірінде түрлі форматтағы 12 мыңға жуық шара ұйымдастырылып, оған 200 мыңнан аса бала қамтылды.
Биылдың өзінде 402 сырбойылық өрен халықаралық, республикалық дәрежедегі ғылыми жобалар мен олимпиадалардың, спорт турнирлерінің және өнер конкурстарының жеңімпаздары мен лауреаттары атанды.

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні 5 мың баланың қатысуымен өткен шарада пәндік олимпиадаларда жоғары жетістікке жеткен 10 оқушыға соңғы үлгідегі ноутбук, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан 20 балаға «Балдаурен» республикалық лагеріне жолдама, 300 мектеп оқушысына велосипед сыйға тартылды. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласында көпбалалы 50 отбасыға пәтер кілтін табысталса, аймақ басшысының тікелей тапсырмасымен Сыр өңірінде 1,6 млрд теңгеге 80-нен астам спорттық-ойын алаңы салынып, балалар игілігіне пайдалануға берілді. Сондай-ақ, «Қазгермұнай» ұлттық компаниясы басшылығымен келісім нәтижесінде Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі «Оқушылар Сарайының» жобасы басталады.

Осы уақытқа дейін бірқатар нысан қызылордалықтарға тарту етілді. Жалағаш ауданында құны 431 млн. теңгеге 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі пайдалануға берілді. Теңізді өлке Арал ауданында 150 млн. теңгеге "Балықшылар монументі" мен аллея ашылды. Меценат қаржысы есебінен Жаңақорған ауданында құны 790 млн.теңгені құрайтын заманауи демалыс паркі қолданысқа берілді. Ал, Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында жергілікті демеушінің қолдауымен 350 млн.теңгеге "Еңбекшілер аллеясы" бой көтерді. Қызылорда қаласындағы Автобус паркі 100 жаңа көлікпен толықты.
Келер жылдың соңына қарай Қызылорда қаласында Сұлтан Бейбарыс көшесінің бойынан құны 3,7 млрд.теңгеге 1000 орындық өнер орталығы ел игілігіне беріледі. Мұнда мәдениет саласының симфониялық, эстрадалық және ұлттық өнер бағытындағы концерттік бағдарламалар мен түрлі форматтағы қоғамдық іс-шаралар да өткізіледі.
Аймақта шаңырақ көтеруге ниеттенген жастар үшін заманауи үлгідегі Неке сарайы да бой көтеруде. Құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын нысан 1,5 жылда пайдалануға берілмек.

Сырдың сол жағалауында тағы бір әлеуметтік нысанның іргетасы қаланды. Құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын «Қан орталығы» жылына қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткішін 500-ден 10 мыңға дейінгі жеткізеді. Орталық өңір халқына сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындардың денсаулығын арттыруға мүмкіндік бермек.

Белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құрылысы басталған құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығы шаһардың ажарын аша түседі. Өңірдің Түркістан облысымен шекараласатын тұсынан демеуші есебінен құны 200 млн. теңгеге облыстың кіреберіс қақпасы бой көтеруде. Сондай-ақ, «Саутс Ойл» компаниясы «Қайсар» футбол клубының жанкүйерлері үшін үлкен жабық стадион салуға ниет бiлдiрдi.

Сонымен қатар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға «Еуразия», «Мұз айдыны» спорт кешендеріне тегін абонемент табысталып, балаларға рухани құндылықтарды насихаттау мақсатында жыл басынан бері балалар үшін 43 тегін спектакль қойылды. 5 мыңнан астам бала музейге тегін экскурсия жасады.

Жаз мезгілінде қала сыртындағы лагерьлерде 8 300 оқушы демалды, ал республикадағы алдыңғы қатарлы тынығу лагерьлерінде жыл көлемінде 1350 баланың демалуына жағдай жасалды.
Бүгінгі таңда 61 қосымша білім беру ұйымында 60 мыңға жуық бала түрлі шығармашылық үйірмелер мен спорттық секцияларға қатысуда.

Еске салсақ, күні кеше Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс орталығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 60 пәтердің кілті табысталды және орталық алаңда бас шырша шамы жағылды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек.
kyzylorda-news.kz
25 желтоқсан 2022 ж. 344 0