Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Партияның Қызылорда облыстық филиалы жылдық жұмысын қорытындылады

Партияның Қызылорда облыстық филиалы жылдық жұмысын қорытындылады

Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс XXX конференциясы өтті. Онда партия ұйымының жылдық жұмысы қорытындылады.

Алқалы жиынға партия хатшысы Дәулет Кәрібек, партия филиалының Саяси кеңесі мен Саяси кеңес Бюросы мүшелері, аумақтық партия филиалдарының Атқарушы хатшылары, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері, фракция мүшелері мен «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.

Филиал тарапынан ауқымды жұмыс атқарылды. Мәселен, жыл басынан бері партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне тұрғындардан 3184 өтініш түсіп, олардың 78% оң шешілген. Мұнан бөлек, 35 ауылда мобильді қабылдаулар өтіп, оларда көтерілген мәселелердің 53% шешімін тапты.

«Халықтың әр түрлі топтарымен жұмыс жасауда партиямен бұрыннан жүзеге асырылып келе жатқан партиялық жобалармен қатар жаңа жобалардың іске қосылуы түрлі әлеуметтік топтарды қамтып қана қоймай, қоғамдағы түрлі өзекті мәселелерді шешуге септігін тигізіп отыр. Солардың бірі «Жер аманаты» жобасы. Аталған жоба аясында жыл басынан бері облыста аймақтық комиссияның жергілікті органдармен бірлескен жұмысы нәтижесінде ауылшаруашылық мақсататтағы 157,1 мың гектарды құрайтын заңсыз, сондай-ақ пайдаланылмай жатқан 257 жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды.

Партияның Сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Жол картасының аясында агроөнеркәсіптік кешен дамып келеді, жаңа өндірістер іске қосылуда, жұмыс орындары ашылуда, нәтижесінде өңір тұрғындарының әл-ауқаты жақсарып келеді. Сонымен қатар жаңа мектептер, медициналық мекемелер, мәдениет, спорт нысандары салынуда.

«Тұрғын үй мәселесін шешуде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Есепті кезеңде 604,0 мың ш.м. метр тұрғын үй пайдалануға берілді.Өсім 106,4%-ды құрап отыр. 15 көпқабатты тұрғын үйге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 362 шақырым жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалыпты жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-ға дейін ұлғайтылды. 5 мәдениет нысаны, 11 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатса, Қармақшы ауданы, Қуаңдария елді мекенінде 100 орындық ауылдық клуб, Арал ауданы Аманөткел ауылы, Қазалы ауданы, Пірімов ауылында 2 спорт кешені пайдалануға берілді. Елді мекендерді газдандыру деңгейі 68 пайызға жеткізілді. Келер жылы Сексеуіл, Пірімов, Жалаңтөс батыр, Басықара, Қалжан ахун, Төретам, Ақай, Жайылма Бірлік, Қыраш, Шалқия, Құттықожа, Кейден, Абай, Наурыз, Махамбет елді мекендері газдандырылады.

«Жергілікті мәслихаттардағы 152 мандаттың 126-ын иеленіп отырған фракция мүшелерімен жыл барысында 44 отырыс өтіп, 113 мәселе қаралды. Олардың қорытындысымен 373 шешім қабылданды. Шешімдердің басым көпшілігі аймақтағы өзекті мәселелермен қатар сайлаушылар алдындағы барлық міндеттемелер толық көлемде орындалуы үшін әрбір елді мекен бойынша өңірлік Жол карталары шараларын қаржыландыруға негізделді. Мұнымен қоса фракция мүшелерімен өткізілген 257 қабылдауға 758 тұрғын өтінішпен келіп, олардың 75%-ы оң шешілді.

Партияның «Халыққа көмек» жобасы аясында Қызылорда қаласына қарасты «Ягодка» саяжайы тұрғындары үшін жаздық егіс суарылымына арнайы су каналының жүргізілуі мен электрнасостың қойылуына қолдау білдірілсе, Жалағаш ауданының Есет батыр ауылы тұрғыны, І топ мүгедегі Жартай Ешмахановтың үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұнан бөлек облыс орталығындағы үйлері өртке шалдыққан бірнеше азаматтарға партияластармен материалдық қолдау жасалынды.

«Баланы мектепке даярлайық» Акциясы аясында белсенділеріміз облыстағы 2 мыңға жуық балаға 30 миллионға жуық көлемде қолдау білдірді.Сонымен бірге табиғи апат салдарынан зардап шеккен Қостанай облысы тұрғындарына сырбойылық партияластар 30 тоннадан астам гуманитарлық көмек жолдады.Қазір қиын жағдайда отырған Екібастұз қаласының 60 оқушысына қысқы демалыс кезінде демалыс ұйымдастыруды да қолға алып отыр.

«Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 278 нысанға мониторинг жұмыстары жүргізіліп, мүгедектігі бар азаматтар үшін бейімделді.

Конференция барысында делегаттар партияның облыстық филиалының жаңа төрағасын сайлады. Бұл лауазымға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовтың кандидатурасы ұсынылып, бір ауыздан қолдау тапты.

Жиын соңында «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек сөз алып, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту мен партия жұмысын күшейту бағытындағы алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды.
kyzylorda-news.kz
29 желтоқсан 2022 ж. 247 0