Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырбойылық аманаттықтар саяси тұғырнаманы қолдайды

Сырбойылық аманаттықтар саяси тұғырнаманы қолдайды

Бүгін «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының кезектен тыс XXІХ конференциясы өтті.

Алқалы жиында партияның жаңа саяси тұғырнамасының жобасы талқыланып, 6 қазан күні Астана қаласында өтетін партияның кезектен тыс ХXIV съезіне Сыр елінен делегаттар сайланды.

Конференция жұмысына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының саяси кеңесі мен саяси кеңес бюросы мүшелері, партияның аумақтық филиалдарының Атқарушы хатшылары, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері, мәслихаттардағы фракция жетекшілері мен мүшелері және «Жастар Рухы» жастар қанаты мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жалпы атап өту керек, жыл басынан бастау алған елдегі саяси өзгерістер аясында «AMANAT» партиясы да толық жаңғыру жұмыстарын жүргізді. Партия атауы өзгеруімен қатар, оның негізгі бағдарламалық құжаттары да жаңаруда. Мәселен, бүгін талқыға түсіп отырған саяси тұғырнама жобасы партияның басты құжаттарының бірі десек болады. Жиынды ашқан «AMANAT» партиясы облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова құжат жобасының бірнеше ай көлемінде түрлі сарапашылар пікірталасынан пайда болғандығын атап өтті.

«Саяси Тұғырнама жобасын әзірлеу үшін «AMANAT» партиясы жанынан арнайы Жұмыс тобы құрылып, жоба республикалық және өңірлік деңгейлерде сарапшылық отырыстарда талқыланды.Барлық өңірлерден ұсыныстар жинау және әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы әрбір партия мүшесіне құжатқа қатысты өз пікірін айтуға мүмкіндік берілді.
Әлеуметтік сауалнамаға еліміз бойынша 42 мыңнан астам партия мүшесі қатысып, олардан 1 000-ның үстінде ұсыныс жолданған. Бұл қатарда біздің жерлестеріміз де бар»,- деді Л.Төрешова.

Жалпы маңызды құжат жобасы бұған дейін партияның барлық Бастауыш партия ұйымдарында, аумақтық филиалдары конференцияларында талқыланып, бүгін облыстық конференция қарауына ұсынылды.

Жиында облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов пен саясаттанушы Сәулет Сахиев сөз алып, Тұғырнаманың негізгі мақсаты мен онан туындайтын міндеттер төңірегінде кеңінен хабарлама жасады.

Мәселен, Науырзбай Байқадамов Тұғырнамада елдің тәуелсіздігі, әділеттілік, халықтың бірлігі, партияның болашаққа деген көзқарасы, даму бағдарлары, қағидаттары мен саяси мақсаттарды толық қамтитындығын жеткізді.

«Қоғамдық келісім» Коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары, саясаттанушы Сәулет Сахиев ең алдымен саяси құжаттың толығымен қазақ тілінде жазылғандығы сондай-ақ, «Адам – Қоғам – Мемлекет» қағидасы бойынша құрылып, мұнда әрбір азаматтың әл-ауқаты басты назарға алынғандығын айтты.

«Адам капиталы ұғымы бұрын тек жеке адамның бойындағы бай рухани құндылықтармен бағаланып, өлшенді деп түсініп келсек, жаңа Тұғырнама жобасында ол елдің жоғары экономикалық көрсеткіші ретінде бағаланып отыр»,- деді ол.

Мұнан соң күн тәртібіне сәйкес конференция шешімімен Сыр өңірінен «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХXIV Съезіне қатысатын 35 делегат сайланды.

Жиын соңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев сөз алып, елдегі жүргізіліп жатқан реформалар сайлау жүйесі мен саяси партияларды дамытуға арналып отырғандығын тілге тиек етіп, талқылауға түскен жаңа Тұғырнаманың ел дамуының жаңа кезеңінің басты идеологиялық құжаты болатынына сенім білдірді. Съезге қатысатын жерлестерге сәттілік тілеп, жиылғандарды еліміздің басты құндылықтары болып табылатын – тәуелсіздік, жалпыұлттық бірлік, бәсекеге қабілетті қуатты экономика, білімді өркендеген қоғам, заң және тәртіп секілді ортақ басымдықтарды сақтап қана қоймай, оны әрі қарай нығайтуға жұмыс жасауға шақырды.

kyzylorda-news.kz
30 қыркүйек 2022 ж. 435 0