Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғыс айту күні: Аралдық азаматтар марапат төрінде

Алғыс айту күні: Аралдық азаматтар марапат төрінде

Арал аудандық мәдениет үйінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай салтанатты шара өтті. Айтулы мереке қарсаңында ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Серік Сермағамбетов аудан тұрғындарын «Алғыс айту күнімен» құттықтады.
«Бұл күн ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейді. Тәуелсіздіктің туының тіктелеуі осы ынтымақ пен бірлігіміз, бір-бірімізге деген сеніміміз бен тілектестігіміздің арқасы.
Елдік мәселеден шет қалмай ауыл-аймақтағы өзекті деген нысандардың салынуына, түрлі қайырымдылық шараларының басы-қасынан табылып жүрген азаматтарымыз да осында отыр. Мен бүгінгі айтулы күнді пайдалана отырып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып, ел үшін еңбек етіп жүрген жомарт жанды жерлестерімізге және ақ халатты абзал жандарымызға, білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздарымызға, қауіпсіздік пен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне және барлық саладағы еңбеккерлерге шынайы алғысымды білдіремін», деп аудан халқына ізгі лебізін жеткізді.
Мерекелік шарада ауданның әлеуметтік экономикалық дамуы мен қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген бір топ аралдықтар марапат төрінен көрінді. Олардың арасында меценаттар, ұстаздар мен дәрігерлер, спортшылар мен түрлі салада елеулі еңбек етіп жүрген азамттар бар.
Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, жиналған көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
02 наурыз 2023 ж. 340 0