Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдық азаматтар алғысқа бөленді

Аралдық азаматтар алғысқа бөленді

Мейірімділік пен жылулықтың көрінісіне айналған, жаңа өмірдің бастауы болған көктем де келді. Табиғат қайта жаңарып, түлеген тұста айрықша жыл мерзімемен қатар адам баласының ізгі қасиетін бейнелейтін Алғыс айту күнінің де маңызы зор. Жанымыздағы жандардың жақсылығын түсініп қана қоймай, сол жақсы қасиеттері үшін алғыс айту олардың жанына жылу сыйлап қоймай, өзіміздің де жан-дүниемізге ерекше мейірім орнатады.
Міне, дәл осы 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі аудан көлемінде де кең көлемде аталып өтті. Қазіргі тәуелсіз елімізде бейбіт күнде батырлығымен көзге түскен қайсар азаматтардың ерлік танытқан сәтінен әзірленген бейнеролик арқылы басталған шарада бүлдіршіндер өлеңмен алғыс жаудырып, шара басталған сәттен жиналғандарға керемет көңіл күй сыйлады. Одан кейін аудан әкімі Серік Сермағамбетов барша аралдықтарды мерекемен құттықтап:
– Бұл күн ел бірлігін бекемдеумен қатар, тұғырлы татулығымыз бен ырысты ынтымағымызды жаңа белеске жетелейді. Тәуелсіздіктің туының тіктелуі осы ынтымақ пен бірлігіміз, бір-бірімізге деген сеніміміз бен тілектестігіміздің арқасы. Елдік мәселеден шет қалмай, ауыл-аймақтағы өзекті деген нысандардың салынуына, түрлі қайырымдылық шараларының басы-қасынан табылып жүрген азаматтарымыз да осында отыр. Мен бүгінгі айтулы күнді пайдалана отырып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосып, ел үшін еңбек етіп жүрген жомарт жанды жерлестерімізге және ақ халатты абзал жандарымызға, білім нәрімен сусындатып жүрген ұстаздарымызға, қауіпсіздік пен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне және барлық саладағы еңбеккерлерге шынайы алғысымды білдіремін, – деп ізгі лебізін жеткізді.
Одан кейін ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген бір топ аралдықтар марапат төрінен көрінді. Олардың арасында меценаттар, ұстаздар мен дәрігерлер, спортшылар мен түрлі салада елеулі еңбек етіп жүрген азаматтар бар.
Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасып, жиналған көрермендерге мерекелік көңіл күй сыйлады.
(Өз тілшімізден)
01 наурыз 2023 ж. 187 0