Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сарқылмайтын жылылық, Ана мәңгі – ұлылық

Сарқылмайтын жылылық, Ана мәңгі – ұлылық

Әр көктемнің шырайына шырай беретін, бір ғажайып күйге енетін, аналарымыз мейірленіп, әжелеріміз күлім қағып, қыздарымыз, аруларымыз сұлуланып сала беретін ерекше күн, көктемнің ең алғашқы ауқымды мерекесі ол әрине – 8 наурыз – «Халықаралық әйелдер» күні. Маңызы бөлек мереке ауданымызда да кең көлемде аталып өтті. Қазақтың дәстүрінен сыр шертетін сахналық қойылым арқалы басталған мерекелік шарада нәзік жандыларға деген құрмет анық байқалды.
«Сарқылмайтын жылылық, Ана мәңгі – ұлылық» атты мерекелік шарада аудан әкімі Серік Сермағамбетов барша әйелдер қауымына құттықтау сөзін арнап:
– Бүгінде ауданымызда 2 мыңнан аса алтын құрсақты аналарымыз болса, оның 124-і батыр ана, 552-і Алтын алқа, 1300-і Күміс алқа иегері. Қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде нәзік жандылардың қарымды үлесі бар екені ақиқат.Ауданымыздағы мемлекеттік қызмет саласындағы 36%-ын, білім беру саласындағы 65%-ын, медицина саласының 83%-ын, мәдениет саласындағы 80%-ы, өңірдегі кәсіпкерлердің 47%-ы әйел азаматшалар құрап отыр. Сонымен қатар Аралдың ақ алтыны атанған ас тұзы мен су маржаны балық өндірісінде, темір жол мен ауылшаруашылығы және құқық қорғау саласында да еңбек етіп жүрген апа-қарындастарымыз аз емес, – дей келе барша аудан тұрғындарын мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
Салтанатты шара одан әрі әр сала ер азаматтарының мерекеге арналған концерттік бағдарламасына ұласып, шараға жиналғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

«Толқын» ақпарат
07 наурыз 2023 ж. 326 0