Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімінің Аналар мерекесіне арнаған құттықтауы

Аудан әкімінің Аналар мерекесіне арнаған құттықтауы

Аяулы аналар, қадірлі қыз-келіншектер!
Сіздерді ару көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жер бетіндегі адамзат баласына әлемнің жарығын сыйлаған аналар мерекесінің көктеммен тұспа-тұс келуінде терең мағына жатыр.
Қазақ қашан да қызын құрметтеп, төрге шығарып, әйелін «жарым» деп сыйлап, анасын асыл қазынам деп бағалаған. Ал, бала тәрбиесіне ұлт тәрбиесі деп қараған. Болашақ ұрпақты дүниеге әкеліп, қияға ұшыратын аналарды ардақтай да, аялай да білген.
Барлық уақытта халқымыз өзіне ең қымбат ұғымдарды – Отан мен Жер, Тілді – Ана атымен байланыстырған. Өйткені, тіршіліктің нәрі де, мәні де – Ана ұғымынан бастау алады. Ұланғайыр даламыздың тарихында өздерін өжет көшбасшы, ақылды ел билеуші, көрнекті қайраткер ретінде танытқан әйелдер аз емес. Бүгінде ауданымызда 2 мыңнан аса алтын құрсақты батыр аналарымыз болса, оның 124-і батыр ана, 552-і Алтын алқа, 1300-і Күміс алқа иегері. «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербейді» деген сөздің астарында әйел адамның кез келген ауқымды істерге араласып, үлкен нәтижеге қол жеткізе алатынын аңғартатын мағына жатыр. Өйткені қоғамның түрлі салаларындағы жетістіктерде нәзік жандылардың қарымды үлесі бар.
Ауданымыздағы мемлекеттік қызмет саласының 36 пайызын аруларымыз құраса, білім беру саласындағы қызметкерлердің 65 пайызын, медицина саласының 83 пайызын, мәдениет саласының 80 пайызын, өңірдегі кәсіпкерлердің 47 пайызын әйел азаматшалар құрап отыр. Сонымен қатар Аралдың ақ алтыны атанған ас тұзы мен су маржаны балық өндірісінде, темір жол мен ауылшаруашылығы және құқық қорғау саласында да еңбек етіп жүрген апа-қарындастарымыз аз емес.
Қымбатты аналар! Аяулы асыл жандар!
Ізгі ниет пен сұлулыққа, сырбаз сезім мен сыйластыққа толы бұл мереке жан-дүниені жадыратып, жүректерге жылу береді. Сіздер арқылы Арал халқының барша аруын әсем мерекемен құттықтап, ыстық ықыласым мен ілтипатымды білдіргім келеді. Сіздер барда сәбилеріміздің жүзінен күлкі кетпей, ер-азаматтарымыз еңсесін тік көтеріп жүре бермек!Осы мерейлі мереке қарсаңында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс пен баянды бақыт тілеймін!
Мереке құтты болсын!
Ізгі ниетпен Арал ауданының
әкімі Серік Сермағамбетов
08 наурыз 2023 ж. 395 0